$499.04 €544.45 ₽5.96
×

Алты жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2,5 триллион теңге бөлінді

AstanaTV
17.03.2025ж. 12:58
193
Алты жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2,5 триллион теңге бөлінді

Астықтың былтырғы рекордтық өнімі ауыл еңбеккерлерін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді. Алты жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2,5 триллион теңге бөлінді, бұл ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 1,8 есеге, яғни 8,3 триллион теңгеге дейін өсуіне ықпал етті. Ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі бес жыл ішінде екі есе өсіп, 4,2 миллион теңгеге жетті. Ал, азық-түлік өндірісінің көлемі 2,1 есе ұлғайды.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау – Мемлекет басшысы басымдық берген негізгі бағыттың бірі. Мемлекеттік сатып алуда машина жасау, металлургия, құрылыс, жеңіл және химия өнеркәсібі, сондай-ақ азық-түлік тауарлары бойынша тек қана қазақстандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі едәуір кеңейтілді.

Осы орайда ұлттық даму институттары Қазақстан экономикасына салынатын инвестиция көлемін ұлғайта түсуде. Тек 2025 жылдың өзінде «Бәйтерек» холдингі арқылы 8 триллионтеңге инвестиция салынады, ал 2027 жылға қарай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл сома 10 триллион теңгеге дейін ұлғайтылады.

Серпінді дамуға қажетті маңызды шарттардың бірі – шетелдік инвестициялар Қазақстан экономикасына тұрақты тартылуда. Мұны шетелдік кәсіпкерлер тарапынан көрсетіліп отырған еліміздің экономикалық әлеуетіне деген үлкен сенім мен жоғары рейтингтер растап отыр. Атап айтқанда, 2024 жылы Қазақстан Moody's агенттігінің «Тұрақты» болжамымен өз тарихындағы ең жоғары Baa1 рейтингіне ие болды. Халықаралық S&P, Fitch рейтинг агенттіктері де Қазақстанның несиелік рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде растады.