Оралда төрт ауылмен қатынас үзілді. Жолды су шайып кетті. Ал Ақтөбеде қар суының қыспағында қалған 350-ге тарта адам қауіпсіз жерге шығарылды. Арасында балалар бар. Солтүстікте де жағдай мәз емес. Үш күннен бері жауын тоқтамай тұр. Аймақтардағы ахуал туралы тілшілеріміз баяндайды.
ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:
Өңірде 8 жолды су шайып, төрт ауыл қатынассыз қалды. Бірақ жергілікті әкімдік азық-түлік жеткілікті, тұрғындарға қауіп төнген жоқ дейді.
Аралтөбе ауылындағы Шідерті өзені күрт көтеріліп, көпірді екі жағынан жырып өткен. 200-дей отбасы тұратын елдімекенде мектеп пен өзге де әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұр. Ал су жырған көпірді жөндеу бүгін басталмақ.
ЖҰМАГЕЛДІ БАТЫРНИЯЗОВ, СЫРЫМ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Аралтөбе ауылдық округінде бүгінгі таңдағы жағдай тұрақты деп айтуға болады. Тамағы жеткілікті, науқас адамдар жоқ. Жедел жәрдем көлігі және алғашқы көмек көрсететін дәрігеріміз бәрі бар, дежурствода. Қатынас Ақсай қаласы арқылы болып жатыр.
Өңірдегі су шайып кеткен 8 автожолдың алтауы қалпына келтіріліпті. Бірақ қарғын судың қарқыны әлі басылар емес. Тасқынға тосқауыл қою жұмыстарына әскерилер де жұмылдырылған.
АЗАМАТ ИСМАИЛ, БҚО ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Бөрлі, Сырым аудандарында су сору жұмыстары жүргізілуде әлі де. Біздегі Тасқала ауданындағы Деркөл, Шежін-1, Шежін-2 және Көпен Аңқаты және Рубежка өзендерінде өздерінің шекті деңгейлерінен асып және түсті. Қауіп сейілді десек те болады. Басқа өзендердегі су келу әлі де жалғасуда.
Қазір облыс орталығында мұз жару жұмыстары аяқталды. Мұзжарғыштар тобы енді Бөрлі мен Шыңғырлау аудандарына барады. Осылайша мұз кептелуі мүмкін аумақтағы қауіпті сейілтпек.
ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:
Өңірдегі өзендердің дені мұздан тазарған. Дегенмен Жайықтағы су деңгейі бір тәулікте Оралдың тұсында 46 сантиметрге көтерілсе, Шаған өзені екі еседей асып түсті. Дегенмен төтеншеліктер жағдайды бақылап отырмыз, әзірге ахуал тұрақты дейді. Ақтөбеде де жағдай мәхз емес секілді, ол жақта да ауыл-аймақтармен қатынас үзілген. Ол туралы әріптесім Бакыт Қазанғапқызы толығырақ айтады.
БАҚЫТ ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Иә, Еркін, Ақтөбенің Ойыл ауданына кіре берістегі көпірді қар суы шайып кетті. Қазір аудан орталығымен ауылдар арасында қатынас жоқ. Ойыл өзені арқылы өтетін өткел қазір қалпына келтіріліп жатыр. Тұрғындар әзірге екі ортада қайықпен қатынауда.
Мамандардың айтуынша Ойыл өзені әлі арнасынан таси қоймаған. Бұл өткелді сай-саладан келген қар суы бұзып кеткен. 15 наурыздан бері жолсыз қалған Ойыл ауданынан 345 адам, оның ішінде 49 бала тасымалданған.
АСЛАН АРЗЫМБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Біздің ең бірінші мақсатымыз ол жерде жергілікті тұрғындарды қауіпсіз тасымалдау. Яғни ол жерде бес қайық бөлінді. Біздерден және құтқарушылар, әскери қызметкерлер бәрі сол жерде жұмылдырылған осы жұмыстарға. Жергілікті атқарушы органдар үш күн ішінде жаңағы техникалық көпірді жалпы ұзын көпірдің орнына салынып жатқан техникалық көпірді үш күн ішінде салып боламыз деген ақпарат бар.
Қобда ауданында қардың қарқынды еруі салдарынан Тұманшы өзені арнасынан тасып, Қанай ауылына баратын жолды да су шайып кеткен. Қазір ауылмен уақытша қатынас жоқ. Жергілікті билік өкілдері жолды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ақтөбенің өзінде су тасқынына қарсы шаралар қарқынды жүріп жатыр. Қаланың өзінде Бауырластар -5, Жаңақоныс, Құрайлы тұрғын үй алабы аумағын қарғын су шайды. Бірақ, әлеуметтік нысандар мен уйлер аман. Бауырластар-5 -те ғана жағдай қиындау.
БЛИЦ:
- Сабаққа балалар бармайды. Үйден шығу мүмкін емес. Таңертең балам барып келді. Жолдасым үйден көтеріп шығарды. Қалғаны бармайды. Былтыр да он күн үйде отырды.
- Бауырластар -5 ямада тұр. Оң жағы да, сол жағы да арты бәрі су. Айналдырып арық қазбаса, солай суды арнасын бұру керек. Әйтпесе ауыл ішіне арық қазу деген болмайды. Жылда осылай.
БАҚЫТ ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Қазір мұнда су сору жұмыстары жүріп жатыр. Қаладан 94 мың текше метр еріген қар суы , 655 мың текше метр қар шығарыды. Арнайы қызметтер күшейтілген режимде күні-түні кезекшілікке көшкен. Ал еліміздің солтүстігінде үш күннен бері жаңбыр жауып тұрған көрінеді, ахуал қалай болып жатқанын әріптесім Абзал Құрманкин айтады.
АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Иа Бақыт, Қызылжарда жаңбыр бірнеше күннен бері толастамай тұр. Күннің күрт жылынуы да жығылғанға жұдырық болып, жағдайды ушықтырып жіберді. Қалың қар лезде еріп, қала ішінде көлшіктер пайда болды. Әсіресе, жеке секторда тұратындар қолайсыз күн райының азабын тартып отыр.
Александр ВЯТКИН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Біздің үйіміз төменде тұр. Көше суының барлығы бізге келіп ағады. Былтыр ғана жаңадан тапсырылған үйімізді су басады ма деп қорқамыз. Штабқа хабарластық. Техниканы жақын арада жібереміз деп уәде берді.
Тұрғындарға дереу көмек көрсету үшін арнайы штаб құрылды. Қазір қала бойынша 40 мотопомпа жұмыс істеп жатыр. Осы уақытқа дейін жедел желіге 47 хабарлама түскен.
Сергей МЕЛЕХОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазір техника қала көшелерінен суды сорып, суағарларды тазалар жатыр. Әзірге үйлерді су басқан жоқ. Қала бойынша 170 бірлік техника әзірленген. Күнде 20 мың текше метр көлемінде қар шығарылып жатыр.
АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Алдағы күндері ахуалдың асқынуы ғажап емес. Себебі синоптиктер кейбір аудандарда сынап бағанасы +12 градусқа дейін көтерілуі мүмкін деп болжап отыр. Демек, қар одан сайын тез ерімек. Қазір құзырлы органдар Сергеев су қоймасының көрсеткішін мұқият бақылап отыр. Демалыс күндері оның деңгейі 1 см-ге көтерілген.