$499.04 €544.45 ₽5.96
×

Трамп Сот шешіміне қарамастан мигранттарды елден қуып жатыр

17.03.2025ж. 20:00
58
Трамп Сот шешіміне қарамастан мигранттарды елден қуып жатыр

Трамп Йеменге ғана емес, бүкіл Таяу Шығысқа күн бермей отырған хуситтерге қарсы әскери операцияны бастады. Онымен қоймай елде жүрген жүздеген заңсыз мигранттарды депортациялауды бастап кетті. Сербияда жүз мыңнан астам адам билікке қарсы наразылық акциясына шығып, Үкімет улы газ қолданды деп айыптап жатыр. Солтүстік Македонияда түнгі клубта өрт шығып 59 адам қаза тапты. Шар тарапты Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Дональд Трамп бұрынғы твиттер, қазіргі Икс әлеуметтік желісіне жазғаны сол еді, АҚШ қарулы күштері үлкен операция бастады. Йемендік хуситтерге қарсы баллистикалық және қанатты зымырандар қолданылды. Естеріңізге сала кетсек, былтыр күзден бастап, Парсы шығанағында АҚШ қана емес, барлық мемлекеттердің сауда кемелерін атқылап, кейбірін хуситтер басып алған еді. Оған дейін, лаңкестер тек Сауд Арабиясымен соғысқан. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, содырлар емес, 20 бейбіт азамат қаза тапқан. Ресми Йемен билігі АҚШ-тың бұл әрекетін сынға алды.

ЯХЬЯ САРИ, ЙЕМЕН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Америка бізге қасы зұлымдық әрекет жасауда. Олар өздерінің кемелерінен 47-рет жаппай шабуыл жасады. Оның ішінде зымырандар және жекелеген ұшақтар да бар. Бұл – Йеменге қарсы басқыншылық әрекет. 7 қала осы шабуылдардың салдарынан қатты жапа шекті.


Трамптың ісі хуситтермен шектеліп қалмады. Билікке келгеннен бері қамауға алынған мигранттар елден қуыла бастады. Дегенмен, бұл іс те тыныштықпен аяқталмады. Себебі, АҚШ Жоғарғы Соты биліктің әрекетіне вето қойып, заңсыз деп таныған. Соған қарамастан жүздеген адам Венесэула мен Сальвадорға жөнелтілді. Дегенмен, АҚШ билігі елден қуған мигранттар осы екі мемлекетте бірден түрмеге тоғытылды. Себебі, олар наркокартель мен өзге де қарулы қылмыстық топтардың мүшелері.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз ешқандай заңды бұзған жоқпыз. Ал қуылғандар өте жаман адамдар. Қандықол қылмыскерлер. Миллиондаған есірткі сатушылар мен қылмыскерлер АҚШ-ты басып алды. Бұл – нағыз оккупация. Олармен күресіміз – үлкен соғыс.


Сербияда бұрын-соңды болмаған наразылық акциясы өтіп жатыр. Расми мәліметтер бойынша, 107 мың адамға дейін жиналса, шерушілердің өздері 300 мыңға дейін жиналдық деп жар салды. Ереуілге шыққандардың басым көпшілігі жастар. Кейбірі тәртіп сақшыларымен қақтығысқа түсті. Жастар көз жасаурататын газ қолданғаны үшін Президент Александр Вучич отставкаға кетсін деген талап қойып отыр.

ЛИЛЯНА КОВАЧЕВИЧ, БЕЛГРАД ТҰРҒЫНЫ:

Біздің қаншалықты көп екенімізді қараңызшы. Сербияның бүкіл студенттері шықты. Бізді қолдап, ұстаздарымыз да еріп келді. Ешқандай қантөгіссіз мақсатымызға жетеміз деген үміттеміз.


Солтүстік Македонияның Кочани қаласында түнгі клубта болған өрттен 59 адам қаза тапты. 18-нің жағдайы ауыр. Қоғамдық орында 18 бен 20 жас аралығында 500 адам болған. Олар танымал жергілікті топтың концертіне келген. Тар жерде пиротехника қолданудың салдарынан тілсіз жау лезде жайылған. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, 15 адам қамауға алынды. Елде бір апталық аза тұту жарияланды.