«Аймақтарда театрларды дамытуға баса назар аудару керек». Президент Құрылтайдың отырысында бұл іске бизнес өкілдерін белсенді атсалысуға шақырды. Қазір Қазақстанда 46 аймақтық театр бар. Алайда оның көпшілігінің жай-күйі мәз емес. Белгілі журналист Ербақыт Амантай «театрлардың саны емес, ондағы репертуардың сапасына мән беру қажет»,- дейді.
ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Еліміздің өткен тарихынан сыр шертетін, бүгінгі жетістіктерін айтатын, бүгінгі күннің кемшіл тұстарын, тәрбиеде кеткен олқылықтарды түзететіндей мазмұнды, мағыналы қойылымдар қою керек. Театрға байланысты екінші мәселе – театр жоқ емес, бар. Бірақ соның көрермені аз. Сондықтай айтылған ойлар, қаншама еңбек зая кетіп жатыр деп ойлаймын.
Құрылтай отырысында бұдан бөлек отбасы құндылықтарын нығайту, қазақша контентті дамытып, тіліміздің қолдану аясын кеңейту, елдегі тарихи-мәдени нысандарды қорғау және баспа ісін жүйелеу туралы келелі ұсыныстар айтылды.
АЛТЫНАЙ КӨБЕЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:
Ұлттық Құрылтай төртінші жыл қатарынан түрлі саладағы сарапшыларды, қоғамда болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарай алмайтын белсенді азаматтардың басын қосып келеді. Ол нақты шешімдер ұсынатын алаңға айналды. Мұнда көтерілетін мәселелер әралуан бағыттарды қамтиды.