$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Х Астана экономикалық форумы өтті

AstanaTV
15.06.2017ж. 20:00
4075
Х Астана экономикалық форумы өтті

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, Қазақстан экономикасында өсім байқалады. Отандық сарапшылар елдің қаржы-экономикалық саласында "тазарту" процесі жүріп жатқанын айтты. Ал Париж келісімшарты бойынша, 2020 жылға дейін 192 ел баламалы энергия өндіруге 7,2 трлн доллар инвестиция құюға келіскен. Әлемде баламалы энергия өндіруге деген бетбұрыс күшті. Бұлай бола берсе, дәстүрлі энергоресурстар: мұнай мен көмірге сұраныс тіпті азаюы мүмкін. «Жаңа энергия, Жаңа экономика» тақырыбында өткен 10-шы Астана экономикалық форумнан Мөлдір Бақыт-қызы баяндайды.

Мөлдір Бақыт-қызы, тілші:

Елімізде өтіп жатқан халықаралық көрме мен экономикалық форумның жасыл энергия тақырбына баса мән беруі тегін емес. Бұл әлемдік тенденция. Бүгін Астана экономикалық форумында біз танысқан тың термин «Жасыл қаржыландыру». Қазіргі таңда дүниежүзінде энергетиканың ішкі табиғаты, құрылымы, қаржыландыру тетіктері ауысып жатыр.

Әсіресе, Еуропа елдерінде, АҚШ-та бұл тұрғыда тіпті революция деуге болады. Ең соңғы жаңалыққа тоқталсақ, Дания 2015 жылы өз өзін 130 пайыз жасыл энергиямен қамтамасыз еткен. Ол - жел мен күннің қуаты. Екінші мысал, Германия. Қазір баламалы, таза энергия көздерін тұтынушыларға тегін береді. Ал, АҚШ-та Майкл Блумберг, Apple-дің өзі осы тұрғыдағы технологияларды ойлап тауып жатыр. АҚШ-та ең көп жұмыс орындарын беретін сала - баламалы энергия өндіру саласы. Онда жарты миллионнан астам жаңа жұмыс орындарын беріп отыр. Тағы бір қызықты фактор, ең көп интеллектуалды патенттер осы салада беріліп жатыр. Сондықтан Астана халықаралық қаржы орталығы да «Жасыл қаржыландыруға» бет бұрмақшы.

Айдар Қазыбаев, "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры:

Астана халықаралық қаржы орталығының міндеті - қызмет көрсету шарттарын жеңілдету үшін, инфрақұрылым жасақтау. Жасыл құнды қағаздар, жасыл несиелеу, жасыл инвесторларды тартуға жағдай жасау. Біз өзімізді жасыл инвесторларға ыңғайлы хаб ретінде көрсетеміз.

Иә, Қазақстанда бұл саланы дамытуға ең негізгі тежеуіш фактор - шығаратын энергияның бағасы өте арзан. Көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциялары жетеді. Экономикалық тұрғыда, біз ұтылып жатқанымыз жоқ. Бірақ экологияға қауіпті. Қытайдың ең бірінші проблемасы - қоршаған ортаны қорғау. Сарапшылардың пікірінше, жасыл энергияға ден қойған Қытай үкіметі 10-15 жылда балмалы энергия өндіруде көшбасшы елге айналды. 

Айдар Қазыбаев, "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры:

"Біз Қытай қандай экологиялық апатқа тап болғанын білеміз. Түтіннен көз ашпайды. Сондықтан экологиялық жобаларды қолдауға жеке капитал мен мемлекет бірлесіп қаржы құйып жатыр".

Үкімет 2021 жылға дейін жалпы ішкі өнім көлемін 5,5 пайызға жетеді деп болжайды. Бүгін Дүниежүзілік банкі диагностика есебін таныстырды. Жаңа кезеңге бейімделу сәтті өтті деген баға берді. Былтыр өтпелі кезеңде экономикалық өсім 1 пайызды құраса, биыл 5 ай қорытындысы бойынша 4 пайыз өсімді көрсетіп отыр. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Дамуға басымдық беретін 8 бағытты белгіледік. Олар отын-энергетика дәстүрлі сала. Аагроөнеркәсіп драйверге айналуы тиіс. Көлік-логистика. Біз жиі айтатын, бірақ әлі дамымай жатқан - туризм. Сауда оның ішінде, электронды сауда. Әлбетте, білім және денсаулық саласы.

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, 2000-2014 жылдар - Қазақстан экономикасының шарықтау кезеңі. Әрине, ол мұнай бағасына байланысты. Дегенмен, үкімет оны тиімді пайдалана білді деп есептейді. 10 жылда кедейлік екі есеге қысқарған. Күніне 5 доллар табыс табатындар 55 пайыздан 20 пайызға азайған. Тұрақты өсімге жету үшін транзитік әлеуетті тиімді пайдалану керек. Және экономикаға мемлекет пен мұнай емес, жеке сектор табыс әкелген  жағдайда ғана, өсім тұрақталады, дейді.

Сирилл Мюллер, Еуропа және Орталық Азия аймақтары бойынша ДБ вице-президенті:

Қазақстан жұмыспен қамту мен заң үстемдігіне басқаша бейімделуі керек. Бәсекеге қабілетті, түрлі сынақтарға келгенде, бейімделегіш жұмысшыларды қалыптастыруы керек. Еңбек өніміділігі өте жоғары болуы тиіс.

Ел экономикасы күнделікті қызу талқыланатын алаң қазір Фейсбук. Онда аузы дуалы экономистер шоғыры қалыптасып та үлгерді. Соның бірі - Айдан Карибжанов. Қазақстанның инвестициялық тартмдылығы артқанан атап өтті. Тіпті дағдарыстан шықты деп баға берді. Нарық активтердің шынайы бағасын шығарды. Банк секторындағы тазартулар оң әсер етті дейді.

Айдан Кәріпжанов, экономист:

Бағалар қазір барынша шынайы. Банк секторында тазалау жүргізіліп жатыр. Іскерлік - ағза сияқты, ылғи оған қан ағымы қажет. Соңғы жылдары болған ахуалды сыни көзбен бағалау жеткілікті. Алайда, мені биылғы жылдың экономикалық қарқыны таңқалдырды. Болжағым келмейді, бірақ жағымды үрдісті сеземін. Меніңше, жағымсыз кездер аяқталған сияқты. 

Қаржы мен экономика әлемінің серкелері жиналған форумда қазақстандықтар үшін аса маңызды екі мәселенің басы ашылды деуге болады. Қайрат Келімбетов Әзербайжан банкі алған 71 млрд теңгені сол елдің Үкіметі мойнына алуы мүмкін деді. Банкротқа ұшыраған банкті қайта құру жөнінде өтетін жиында қазақтар сондай талап қоймақшы. Ал, Келімбетовтің ізбасары Данияр Ақышев зейнетақы қорын қайта жекешелендіру жөнінде Үкіметке ұсыныс жолдағандарын айтты. Ол әр адам болашақ зейнетақысына жауапты компанияны өзі таңдауы тиіс деген приниципке құрылған.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ