$499.04 €544.45 ₽5.96
×

Наурыз қарсаңында салт-дәстүрлер қалай орындалады?

AstanaTV
17.03.2025ж. 20:00
203
Наурыз қарсаңында салт-дәстүрлер қалай орындалады?

Наурызнама онкүндігі бойынша бүгін-Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Наурыз – бұл көктемнің келуі ғана емес, ата-бабамыздан жеткен салт-дәстүрлердің қайта жаңғыратын кезі. Айтулы мерекеде әсіресе бүлдіршіндерге арналған салт-дәстүрлерді жиі ұйымдастырған. Өйткені, наурыз қарсаңында сәбиді бесікке салып, тұсауын кессе, Жер ана мен Ұмай ананың шапағаты тиеді деп тәпсірлеген.

АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:

Көптеген отбасы тазалық пен жақсылыққа бастайтын мейрамда салт-жоралғыларды жоспарлайды. Мәселен, баланы бесікке салу осы кезеңмен тұспа-тұс жасалса, сәбидің ғұмыры береке мен молшылыққа толы болады деген наным-сенім бар. Рәсім кезінде бесіктің ішіне көрпе-жастықтан бөлек түрлі зат салынады. Мысалы, айна сәби көрікті болсын деген ниетте, ал қамшы болашақта қайсар әрі өжет болсын деген сеніммен бесікке қойылады.


Бесікке бөлеудің өзі ерекше мәртебелі салт. Алдымен, қасиетті адыраспанды түтетіп аластап алады. «Бесіктің қасиеті мен философиясы ұмыт болып бара жатқандай. Бұл дәстүр мейілінше жиі насихатталуы тиіс»-дейді қала тұрғыны Ақмарал Жүнісова.

АҚМАРАЛ ЖҮНІСОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бесікке салу біздің ата-бабадан келе жатқан, ертеден келе жатқан салт-дәстүрдің бірі. Бесіктің шүмегін қойдың асық жілігінен жасайды. Оны ағарту мақсатында сүтке де қайнатқан ата-бабамыз. Ата-бабамыз кезінде мал шаруашылығымен айналысқан кезде баланы бесікке бөлеп, бала бір жағынан жылы жатады және бойын тіке ұстап жатады.


Бала ананың құрсағына біткен сәттен бастап әрбір сәт маңызды.  Әйелдің жүктілігі белгілі болғаннан соң, құрсақ шашу, құрсақ той, жарыс қазан секілді салт-жоралғылар орындалады. Ал сәби дүниеге келген соң шілдехана, қырқынан шығару, бесіктой, тұсаукесер бар.

АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:

Қазақ халқы басқа-басқа перзентінің алғашқы қадамына бей-жай қарамайды. Міндетті түрде ұлан-асыр той жасап, тұсауын кеседі. Бұл рәсімді  көбіне наурыз мерекесімен ұштастырады. Өйткені, бұл мейрамды жаңа өмірдің бастауы деп қабылдайды. Дәл қазір тәй-тәй деп алғашқы қадамдарын басатын балақайдың ең тәтті кезеңінің куәсі боламыз.


ГҮЛЖАН БЕКЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

Наурыз мерекесі бүкіл түркі халқының мерекесі ғой. Наурыз мерекесін жаңа жыл мерекесі деп жатамыз. Күн мен түннің теңелген уақыты деп жатамыз. Осы наурыз мерекесі қарсаңында елге құт келеді, береке келеді, ырыс келеді, әрбір отбасыда жақсы жаңалықтар орнайды деп осындай мерекенің қарсаңында қазаққа тән ұлттық дәстүрлер орындалып жатады.

 
СӘУЛЕ МАХАМБЕТҚЫЗЫ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Айлуна немеремнің тұсауын кестірдік. Енді қазақта тұсау кесуде жолы ашық болсын, сол адамның жақсы қасиеттері дарысын деп таңдауды жақсы жасайды. Енді менің таңдауым 204-ші жалпы білім беретін мектептің директоры, білім беру ісінің үздігі, мәслихат депутаты деп айтамыз, жан-жақты ұстаз Гүлжан Мырзалықызына түсіп отыр.


Наурыз – жаңару мен бірліктің айрықша символы. Күн мен түн теңелген кезең ұлтымыздың мәденеиеті мен руханиятын жандандырады. Ең бастысы, бұл – жыл сайын атап өтілетін мейрам ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының нышаны.