$499.04 €544.45 ₽5.96
×

Назым Қызайбай үш дүркін әлем чемпионы атанды

AstanaTV
17.03.2025ж. 20:00
116
Назым Қызайбай үш дүркін әлем чемпионы атанды

Назым Қызайбай үш дүркін әлем чемпионы атанды. Жерлесіміз Сербияда өтіп жатқан байрақты бәсекеле жеңіске жетті. Алтыннан алқа таққан алтын қызды Мемлекет басшысы құттықтады. Осы сынды спорттағы жаңалықтармен әріптесім Айбек Салдатбек таныстырады. Ал мен сіздермен қоштасам. Аман-сау болыңыздар!

Армысыздар! Былтырғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай Сербиядағы бокстан әлем чемпионатында жеңіске жетті. 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Финалда ресейлік Юлия Чумгалаковамен кездесті. Үш раундтың қорытындысы бойынша Назым айқын басымдықпен ұтты. Жеңіс тұғырынан көрінген оны Мемлекет басшысы құттықтады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін Әлем чемпионы болуымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік!


Сербияда өтіп жатқан Әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен Ұлттық құрама мүшелеріне алғыс айтамын. Спортшы қыздарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіремін.

Жас футболшы адамдарды өрттен құтқарам деп қаза тапты. Қайғылы оқиға Солтүстік Македонияның Кочани қаласында тіркелді. Түнгі клубтағы концертке 1500 адам жиналған түні ғимараттан өрт шыққан. Сол сәтте "Шкупи" клубының ойыншысы Андрей Лазаров газға тұншығып қайтыс болды. Футболшы басқаларға сыртқа шығуға көмектеспек болған. Тілсіз жаудан 59 адам қаза тауып, 150 адам жараланды. Елде 7 күндік аза тұту күні жарияланды.

Футболшының қайын атасы Африкада жоғалып кетті. "Боавишта" клубының ойыншысы Виталий Лысцовтың әйелі әлеуметтік желіде іздеу жариялады. Айтуынша шамамен 1 ай бұрын Африканы зерттеуге кеткен әкесі сол күйі оралмаған. Соңғы рет Малиге автобуспен жеткен күні хабарласыпты. Қазір ақпарат жан-жаққа таралып, Ульянаның әкесі іздестіріліп жатыр.

Химкиде футбол матчынан соң жанкүйерлер жаппай төбелесті. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Төбелеске бір сәтте 30-ға жуық адам қатысқан. Олар "Динамо-2" мен "Калуга" клубтарының жанкүйерлері. Зардап шеккендер жоқ, полиция кінәлілерге әкімшілік хаттама толтырды.

Біз дайындаған маңызды ақпарат ағыны осындай. Жақсылықта жүздескенше есен-сау болыңыздар!!!