Тұрғындардың сөзіне қарағанда, аудан әкімдігінің күзетшісі наурыздың 14-інен 15-іне қараған түні әкімдік ғимаратының ішінде екі ер адам және әйелмен бірге спирттік ішімдік ішкен.
Содан ер адам мен күзетшінің арасында жанжал туындаған. Ер адам күзетшіні ұрып-соғып, есінен тандырып, ғимараттың сыртына шығарып тастап кеткен.
Туыстарының айтуынша, жәбірленуші ес-түссіз күйінде сыртта таңға дейін жатып қалған, жағдайы өте ауыр, басына зақым келген.
БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлім еткеніндей, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша 1981 жылғы ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
- Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық қатысушысы мен куәгерлері анықталып, олардан жауап алынды. Тергеу барысы бақылауда, - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, осы оқиға бойынша Орал қаласынан санавиация шақыртылды. Жәбірленушіге шұғыл ота жасалды. Кейін ол қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.
Бұл туралы kaz.inform.kz хабарлайды.