$496.41 €542.77 ₽6.05
×

Тәтті сусындар қатерлі ісікке әкелуі мүмкін – ғалымдар дабыл қақты

AstanaTV
18.03.2025ж. 11:20
98
Тәтті сусындар қатерлі ісікке әкелуі мүмкін – ғалымдар дабыл қақты

Тәтті сусындардың өлімге әкелетін қаупі анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Lenta.ru-ға сілтеме жасап.

Вашингтон университетінің ғалымдары 30 жыл бойы жүргізген зерттеу нәтижесінде тәтті газдалған сусындарды тұрақты тұтыну ауыз қуысы обырының даму қаупін едәуір арттыратынын анықтады. Зерттеу барысында 162 602 әйелдің деректері талданған. Нәтижелері JAMA Otolaryngology — Head & Neck Surgery журналында жарияланды.

Күніне кем дегенде бір порция тәтті сусын ішетін әйелдердің ауыз қуысы обырына шалдығу қаупі айына бір реттен аз ішетіндерге қарағанда 5 есеге жуық жоғары екені анықталды. Әсіресе, темекі шекпейтін және алкогольді аз тұтынатын әйелдер арасында бұл көрсеткіш тіпті 5,46 есеге артқан.

Зерттеу нәтижесінде тәтті сусындардың ауыз қуысының әртүрлі бөліктеріне жағымсыз әсер ететіні белгілі болды. Газдалған сусындарды жиі тұтынатын адамдарда тіл ісігі 4,5 есеге, ал ауыз қуысының басқа бөліктерінде ісіктің пайда болу қаупі 5,24 есеге жоғары.

Ғалымдар бұрын ауыз қуысы обырының негізгі себептері ретінде темекі шегу мен алкогольді тұтыну қарастырылғанын, бірақ жаңа деректер тәтті сусындарды шамадан тыс тұтыну да онкологиялық аурулардың қаупін арттыратынын көрсеткенін айтады.

Енді зерттеушілер онкологиялық аурулардың дамуына түрлі диеталық әдеттердің әсерін нақтылау үшін ауқымды зерттеулер жүргізу қажеттігін алға тартып отыр.