Израиль әскерилері сейсенбіге қараған түні атқылауды бастағанын ВВС-де жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Саяси эшелонның шешіміне сәйкес, ЦАХАЛ армиясы мен Шин-Бет қазіргі уақытта Газа секторындағы ХАМАС лаңкестік ұйымына тиесілі лаңкестік нысандарға жаппай соққы жасап отыр, – делінген мәлімдемеде.
Израиль премьер-министрі кеңсесінен жасалған мәлімдемеде Беньямин Нетаньяху мен Қорғаныс министрі Исраэль Кац әскерилерге ХАМАС-қа қарсы әрекет ету туралы бұйрық бергені айтылған.
– Бұл ХАМАС-тың кепілге алынғандарды босатудан бірнеше рет бас тартқаннан кейін, сондай-ақ АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен делдалдардан түскен барлық ұсынысты қабылдамаудан кейін болды. Израиль армиясы қазіргі уақытта саяси басшылық белгілеген соғыс мақсаттарына қол жеткізуге, соның ішінде тірі және өлі тұтқындарымызды босату үшін Газа секторындағы ХАМАС лаңкестік ұйымының нысандарына шабуыл жасап отыр, – деді Нетаньяху кеңсесі.
ХАМАС-тың жоғары лауазымды шенеунігі Reuters агенттігіне берген сұхбатында Израильдің 19 қаңтарда басталған атысты тоқтату келісімін біржақты түрде тоқтатып жатқанын айтады.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт Fox News эфирінде Израильдің АҚШ әкімшілігіне Газадағы нысандарға соққы беру туралы алдын ала ескерту жасағанын мәлімдеп отыр.
– Президент Трамп анық айтқандай, ХАМАС, хуситтер, Иран, тек Израильді ғана емес, Америка Құрама Штаттарын да үрейлендіргісі келеді. Сол үшін бәрі жауапқа тартылады, – деді ол.
Қатар, Мысыр және АҚШ делдалдық жасаған бітімгершілік келісімнің бірінші кезеңі ХАМАС Израильге шабуыл жасағаннан кейін басталған Газа секторындағы 15 айдан астам шайқастан соң 19 қаңтарда күшіне енді.
Келісімнің бірінші кезеңі 1 наурызда аяқталды. Осы уақытқа дейін бітімгершіліктің екінші кезеңінің шарттары келісілетіні жобаланған, бірақ бұл жүзеге аспады.
Өткен аптада Беньямин Нетаньяху кеңсесі Израиль өкілдері Мысырда ел шенеуніктерімен кездесіп, кепілге алынғандарды босату мәселесін талқылап жатқанын мәлімдеген.