Түркиялық “Бешикташ” футбол клубының ойыншысы Бахтиер Зайнутдинов ұлттық құраманың алдағы ойындарына көмектесе алмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бахтиер Қазақстан құрамасы сапына кеше ғана келіп қосылған еді. Ол бұған дейін стамбулдық клубтың соңғы ойындарына да жарақатына байланысты қатыса алмаған болатын. Алайда соған қарамастан команданың бас бапкер міндетін атқарушы Әли Әлиев Зайнутдиновты соңғы құрам тізіміне енгізді.
Әзірге шет елдік чемпионаттарда өнер көрсететін Максим Самородов, Георгий Жуков, Нұрәлі Әліп және Стас Покатилов команда қатарына қосылды.
Алдағы уақытта Абат Айымбетов, Рамазан Оразов, Ғалымжан Кенжебек ұлттық құрама сапын толықтырады.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан құрамасы 2026 жылы өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі ойындарын бастайды. 22 наурызда отандастарымыз қонақта Уэльске қарсы кездесу өткізеді. Ал 25 наурызда сырт алаңда Лихтенштейнмен жолығады.