Қазақстандықтар әуежайда багажға тапсырылған жүктердің арасынан ақша, бағалы заттар ұрланатынын айтып, желіде шағымданды. Алматы тұрғыны, гинеколог Жанна Төремұрат Дубайға барар кезде осындай жайсыз жағдайға тап болған. Ол ұшар кезде чемоданына шатастырып алмас үшін күлгін жіп байлаған. Кейін ұшақтан түсіп, жүгін алғанда аузы ашылып тұрғанын және ақшасы ұрланғанын білген. Осы ретте Stan.kz ақпарат агенттігі Көліктегі полиция департаментінен әуежайда болатын ұрлық туралы сұрады.
Жанна Төремұрат сөмкесіндегі ақша қалай ұрланғанын желіде айтып берді. Оның чемоданынан шамамен 100 мың теңгеге жуық ақша ұрланған.
“3:50-де ұшатын рейске кешігіп қалмайық деп ерте келдік. Үш сағат бұрын багажымызды алдын ала өткіздік. Сөйтсек, жүгіміз әуежайда үш сағат жай тұрмаған екен. Чемоданымызды жақсылап ақтарған. Жиналған кезде “шатастырып алмайық” деп анам ұстайтын жеріне жіп байлаған. Тура осындай жіппен екі замокты ашылып кетпесін деп бір-біріне қысып байлап тастады. Сол кезде мен “ертең аша алмай қалып жүрмейікші” деп күлгенмін. Қонған кезімізде паспорт бақылауынан өткенше, чемоданымызды бірден әкеліп қойды. Чемодан Алматыда ғана 3 сағат багаждар бөлімінде тұрды. Жүгімізді алсақ, құлпы ашық тұр. Анам бірден “ашылып қалуы мүмкін емес” деді. Мен “не болса да қонақүйге жетіп алғасын ішін көрейік, бәлкім жіп түсіп қалған шығар” дедім”, – деп шағымданды алматылық.
2 жылда еліміздің әуежайларында жолаушылардың жүгін ұрлаудың 20 фактісі тіркелген
Көліктегі полиция департаментінің Stan.kz-ке берген ақпараты бойынша, 2023-2025 жылдар аралығында Көліктегі полиция департаментінде еліміздің әуежайларында жолаушылардың жүктерін ұрлаудың 20 фактісі тіркелген.
“Оларға қатысты қылмыстық істер қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Ұрланатын заттардың дені – ақша, алтын бұйымдар, ұялы телефондар және тағы да басқа жеке заттар. Мысалы, 2023 жылы Астана қаласы әуежайында алдын ала сөз байласу арқылы жолаушылардың жеке мүлкін ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Тексеру барысында олардың әуежайдың жүк тиетін жұмысшылары екені анықталды. Көліктегі ПД қызметкерлерінің кәсіби біліктілігінің арқасында күдікті тұлғалардың кінәсі толық дәлелденіп, қылмыстық іс сотқа жолданды”, – деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті.
Ал 2024 жылы жүктерге ұрлыққа түсу оқиғасының тек 1 фактісі ғана тіркеліпті.
“Еліміздің әуежайлары мен терминалдарында, соның ішінде, жүк бөлімдерінде бейнебақылау камерасы толық орналастырылған. Ұрлықтың алдын алу және болған қылмыстарды ашу, азаматтардың мүлкін сақтау бойынша күн сайын жолаушылар арасында дауыс зорайтқыш байланыс арқылы хабарланып, әуежай терминалдарындағы LED экрандарда ескерту ақпараттары орналастырылады. Патрульдік полиция қызметкерлері тәулік бойына кезекшілік етеді. Қылмыстың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар нәтижесінде, 2024 жылы жүктерден ұрлық жасаудың тек 1 фактісі ғана тіркелді”, – деп хабарлады Көліктегі ПД.
Көліктегі полиция департаменті әуежайларда жасалатын ұрлық қылмыстарына жүргізілген талдау жымқырулардың көп жағдайда шетелдерде (Біріккен Араб Әмірліктерінде, Түркияда, Египетте) жасалатынын анықтады. Осыған сай, Көліктегі ПД "Интерпол" ҰБО-ға жоғарыда аталған мемлекеттердің аумағында ұрлықтар жасалуы ықтимал екені туралы хабардар етті.
Департамент жәбірленушілерге материалдық залалды өтеу бойынша құзыретті органдарға, яғни, әуежайлар мен әуекомпаниялардың басшылығына жүгінген жөн екенін ескертті. Бірақ Air Astana және Scat airlines әуекомпаниялары бұл сұраққа жауап бере алмайтынын хабарлады.
Ал Алматы әуежайы бұл мәселелерге қатысты пікір білдірмейтінін, өйткені бұл әуежайдың құзыретіне жатпайтынын тағы бір ескертті. Багаждың жоғалуы, бүлінуі және бір заттың жетіспегені үшін өтемақыны тасымалдаушы төлеуге жауапты.
“Алматы әуежайына қатысты: жолаушы жүкті және оның ішіндегі заттарды алғаннан кейін дереу тексеруі керек. Бірдеңе жоғалса, PIR есебін дайындау үшін дереу Lost&Found (Жоғалған және табылған заттар) қызметіне хабарласуы қажет. Осыдан кейін жолаушы 7 күнде әуе компаниясына өтініш беруі керек”, – делінген Алматы әуежайының бізге берген жауабында.