$496.41 €542.77 ₽6.05
×

Трамп Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, бейбіт келісімге қол қоюға шақырады

18.03.2025ж. 20:00
72
Трамп Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, бейбіт келісімге қол қоюға шақырады

Трамп бүгін Путинмен телефон арқылы сөйлеседі. Қос Президент Украинаға қатысты қандай шешімге келеді деп бүкіл әлем тақымын қысып отыр. Ал Канаданың жаңадан сайланған Премьер-министрі Марк Карни АҚШ-қа қарсы одақтастарын түгендеуде. Дональд Трамптың 51-і штат деген әлімжеттігінен кейін мемлекет басшысы Ұлыбритания мен Франция басшыларымен кездесті. Израиль тыныштық режимін бұзып, Газа секторына қайта шабуыл жасады. Нәтижесінде 400-ден аса бейбіт тұрғын көз жұмды. Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвилидің қазіргі жаза мерзіміне тағы 4 жарым жыл қосылды. Бұл жолы бұрынғы басшы не үшін сотталды? Еркелді Тілеуқұл әлемдегі соңғы жаңалықтарды шолып шықты.

Путин 30 күндік оқ атпау режиміне келіседі. АҚШ Президенті Дональд Трамп бұған сенімді. Тіпті, соғысты толыққанды аяқтайды деп жарыса жазғандар жеткілікті. Себебі, Украина аумағының Ресей бақылауындағы бөліктерін мойындап, бір жола путинге ұсынады деген де пікір айтылуда. Ресми Мәскеу телефон арқылы қоңырау болатынын растағанымен, одан басқа ешқандай ақпарат таратпады. Трамптың өзі бұл туралы берген сұхбатында, кейбір жерлерді бөліске салу мүмкін екендігін айтты.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осы демалыста ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгін сөйлесіп, осы соғысты бірден тоқтата аламыз ба? - деген сұраққа жауап іздейміз. Оған жақсы мүмкіндіктер бар. Біз жер және электростанция мәселелерін талқылаймыз.


Трамп таққа отырып, 50 штат аумағы тақиясына тар келгеннен кейін, Канада Еуропадан пана іздеді. Премьер-министр қызметіне ресми кірісіп, Ант қабылдаған Марк Карни бірден Кәрі құрлыққа жол тартты. Өзінің қос тарихи отандасы Ұлыбритания мен Франция басшыларымен кездескен ол, Трамптан қорықпайтынын жеткізді.

МАРК КАРНИ, КАНАДА ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Канада мен АҚШ – баяғы заманнан одақтас елдер. Бірақ, қазір кенеттен қарым-қатынастарымыз суып кетті. Дегенмен, әңгімеге оралуға біз қарсы емеспіз. Ол үшін Трамп және оның жанындағы адамдар бізді келемеждеуді қойып, тәуелсіздігімізді мойындасын. Алайда, біз өз тәуелсіздігімізді қорғауға қауқарымыз жеткілікті.


Израиль уақытша оқ атпау режимін бұзып, Газа секторына қайтадан әуе шабуылын жасады.   Өңірдегі Ішкі Істер Министрінің орынбасары Махмуд Абу Вафах қаза тапты. Одан бөлек, 400 бейбіт тұрғын да мерт болды. Бұл соққыны жасауға тұтқындар себеп болған. Газа секторында Хамас әлі 59 адамды құлдықта ұстап отыр. Оларды босатпайынша соққы жасауды тоқтатпаймыз, - деп Израиль билігі ескерту жасады.

ДЭННИ ДАНОН, БҰҰ-ДАҒЫ ИЗРАИЛЬДІҢ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

Біз жауларымызға аяушылық танытпаймыз. Хамас бір жылдан астам уақыт бойыв бейбіт ирлаильдіктерді құлдықта ұстап отыр. Ол уақытқа дейін ешқандай бейбіт келісімге бармаймыз. Сондықтан, бұл – Қауіпсіздік кеңесіне де, барлық жауларымызға да соңғы ескерту.


Түрмеде отырған Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвилидің үстінен тағы бір іс қозғалып, сот шешімі шықты. 2021 жылы Украинадан қайтқанда шекараның заңсыз кесіп өтті деген айып тағылып, алдыңғы жазаларына 4,5 жыл қосылды. Барлығы Грузияның бұрынғы басшысы 12 жарым жыл абақтының ар жағында қалмақ. Бұған байланысты ел астанасы Тбилисиде халық қайтадан наразылық акциясына шықты. Саакашвили болса, өзіне тағылған айыппен мүлдем келіспейтіндігін жеткізді.