Астанада да Ұлттық киім күніне орай жас сәнгерлер бақ сынады. Студенттер қазақы киім топтамасын көпшілік назарына ұсынды. Нео-фольклор стиліндегі сән көрсетілімін Нұра ауданы әкімдігі мен қалалық білім басқармасы ұйымдастырды. Шараға 6 колледжден 70-тен аса студент қатысты.
«Әсем fashion» қалалық байқауы аясында кәсіптік-техникалық колледж студенттері сән көрсетіліміне қатысты. Бұл сайыстың екінші кезеңі болатын. Ал алғашқы сында жастар бір сағат ішінде стильді аксессуарлар жасап шығарған.
ӘЛИЯ ӘБСӘМЕТОВА, НҰРА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Алты колледж қатысады. Ол 72 қатысушы. Екі этаптан тұрады. Бірінші этап – әшекейлерді, бұйымдарды көрсету қолдан жасалған, hand made деп аталады. Екінші олар дефиле жасайды. Бүкіл образын көрсетеді жас дизайнерлер.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған шарада жастардың жыл бойы дайындаған дипломдық жұмысы ұсынылды. Әр колледждің дайындаған жұмысы өзінше ерекше.
РИМА ИМАНҒАЗИНОВА, КӘСІПТІК ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫ:
Үшінші курстың студенттері, негізі бұл дипломдық жұмыс болады. Жыл бойы дайындаған өздерінің жұмыстары. Тігінші және модельер конструктор мамандарына сай өздерінің дефиле костюмдерін дайындап, бүгін енді бірінші рет дебют болып отыр барлығымызға.
Жас дизайнерлер ұлттық киімге заманауи элементтерді қосып, үйлестіре алған. Олар заман талабына лайықталған киім үлгілері жастардың көңілінен шығып жүр, дейді.
ҰРҚИЯ НҰРЛЫБАЙҚЫЗЫ, ҚАЗАҚ ТЕХНОЛОГИЯ ЖӘНЕ БИЗНЕС КОЛЛЕДЖІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
Күнделікті киюге де, сахнаға киюге де, ою-өрнекті шаңырақпен және өзіміз қазақи нақышты дамытуға, жаңа заманауи үлгіге лайықтап шығардық.
Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сән көрсетілімі эстрада жұлдыздарының мерекелік концертімен аяқталды.