Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қызылжарда тұрғындар жаппай омартамен айналысуды қолға алған

AstanaTV
16.06.2017ж. 20:00
3032
Қызылжарда тұрғындар жаппай омартамен айналысуды қолға алған

Қызылжар тұрғындары жаппай бал өндірумен айналыса бастады. Биыл омарташылар саны 2 есеге артқан. Сұраныстың тым көп болғаны сонша, ара ұялары жетпей жатыр. Ал ұлттық кәсіпкерлер палатасы бал өндірушілерге оқу дәрістерін ұйымдастырып әлек. Жұрттың жаппай омарта бизнесіне көшуіне не себеп? Ал олар өнімдерін қайда сатып жатыр? Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Виктор Иванайка бал өндіру ісіне былтыр ден қойған. Жас омарташы бұл бизнеске бар ақшасын бірден салмай, әуелі 5 ара ұясынан бастаған. Ал биыл ара санын екі есе ұлғайтыпты.

Виктор Иванайка, омарташы:

Омарта табысты іс. Салған ақшаны бірден қайтарып алуға болады. Ал, екіншіден, былтырдан бері дастарқанымнан бал кетпейді. Оның шипасы көп. Сондай-ақ, ара уының да адам денесіне пайдасы бар.

Астықты өлкеде күнбағыс, зығыр, рапс алқаптары көп. Бұл ара өсіруге ең қолайлы орта. Алайда, жәндік солтүстіктің суығына шыдамайды. Сондықтан бал өндірушілер жыл сайын Шымкенттен жаңа ара ұяларын сатып алады. Бірақ биыл барлығына бірдей жетпей қалған.

Олег Гаврилов, СҚО омарташылар қауымдастығының төрағасы:

Қазір бізде мыңға жуық омарташы бар. Барлығы 6 мыңнан астам ұя сатып алынды. Бірақ, біз одан да көп алғымыз келді. Бұл жолы оңтүстік үлкен сұранысты қамтып бере алмады. Біздің балды шетелдіктер жақсы көреді. Себебі экологиялық таза.

Шымкенттік ара өсірушілер биыл 10 мыңға жуық ұя сатқан. Тапсырыс алдын ала берілсе, оны арттыруға болады деп отыр. 

Төрехан Нармұхамедов, ОҚО әуесқой омарташылар қауымдастығының төрағасы:

Жеткізуге шамамыз келеді. Бірақ ерте жоспарлау керек. Қазірден бастап келісу керек. Егер де біз оны дайындап, өткізе алмасақ, қайда жібереміз оны? Бір рет болған солай. Бір жылы біз дайындадық та, олар солтүстіктен келмей қалды да, сөйтіп өткізе алмай қалдық.

Әзірге қызылжарлық омарташылар балмен ішкі нарықты ғана қамтуға қауқарлы. Табиғи өнімге Қытай, Жапон және Ресей қызығушылық танытып отыр. Бірақ, нарығы үлкен болған соң, ірі партияларды талап етеді. Сондықтан кәсіпкерлер палатасы кооператив құруды ұсынған.

Бауыржан Ахметаев, «Атамекен» ҰКП СҚОФ агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы:

Бір омарташы 50 келі, енді бірі 200 килограмм бал өндіреді. Ортақ кооператив құрып, бір үлкен қойма салуға болады. Кейін тауарды тұрақты түрде экспортқа жіберуге мүмкіндік бар. Кооперативтің тағы бір тиімділігі - "ҚазАгродан" несие алып, кәсіпорынды дамытуға болады. Қазір омарташылардың кепілдікке қоятын нысаны жоқ. Ал кооперативтің ортақ базасы болады.

Абзал ҚҰрманкин,  тілші:

Ілгері жылжудың жолын таңдағандар кооператив құруға кірісті. Бұйырса, жылдың аяғына дейін отандық өнім экспортталмақ.

Абзал ҚҰРМАНКИН