Путин 30 күнге инфрақұрылымға соққы жасамауға келісті. АҚШ Президенті осылай деп мақтанып, жарияға жар салды. Трамп таққа қайта отырғалы қос мемлекет басшысы екінші рет телефон арқылы сөйлесті. Зеленский болса, Украинасыз ешқандай келісім жасалмайды деп шорт кесті. Осы орайда, Америка бізден теріс айналды деген Еуропа елдері сескене бастады. Германия қорғанысқа тарихта болмаған бюджет бөлейін деп жатыр. Әлемдегі соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Соғыс 30 күнге тоқтайды деп бүкіл әлем басылымдары жарыса жазуда. Трамп пен Путин телефон арқылы сөйлесіп, бір табан қадам жасадық, - деп мақтануда. Алайда, 30 күндік оқ атпау режимі тек инфрақұрылымдық нысандарды ғана қамтиды. Десе де, қос тарап та мемлекет басшыларының диалогын жоғары бағалады. Алайда, Путин «Америка және өзге Батыс мемлекеттері» Украинаға қару-жарақ пен өзге көмек көрсетпесін деп талап қойған. Әңгіме соңынан кейін сұхбат берген Трамп бұны растамады.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз бүгін Ресей Президенті Владимир Путинмен өте жақсы сөйлестік. Көп нәрсені талқыладық. Энергетикалық және инфрақұрылымдық нысандарға соққы жасауды тоқтату туралы келісімге келіп, кейінірек аясын ұлғайтуға да уағдаластық. Ақыр соңында бұл қантөгіс те тоқтайды деген үміттемін.
Украина Президенті Владимир Зеленский, Трамп пен Путин әңгімесінің мән-жайы білмейтінін, бірақ, оған наразы екендігін жеткізді. Себебі, біздің принципіміз – бұрынғыша, - дейді Зеленский. Украинадағы соғыс Украинасыз шешілуі қастандық болады. Оның үстіне Трамп маған да хабарласып, ақпарат беруін күтемін, - деп зеленский ағынан жарылды.
ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз америкалықтардан жауап алғаннан кейін ғана, осы келіссөздер туралы өз пікірімізді білдіреміз. АҚШ пен Ресей тараптары Сауда Арабиясындла қайтадан келіссөз жүргізбек екен. Украина – Путин келіссөздерде талқылайтын мәзір емес. Украина – тәуелсіз мемлекет. Тосап пен торт емес.
Германия Конституцияны өзгертіп, қорғаныс бюджетін бірнеше есе арттырады. Болашақ канцлер, Христиан-демократиялық Одағы партиясының төрағасы Фридрих Мерцтің бастамасымен мемлекеттік қарыздың шекті мөлшерін жылжыту туралы заң қабылданып, Конституцияға түзету жасалды. Осылайша, Германия Еуропаны агрессиядан қорғауда жетекшілік етіп, Еуропалық Одаққа мүше емес, Норвегия мен Ұлыбританияны да күш біріктіруге шақырды.
ФРИДРИХ МЕРЦ, ХДО ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Ресей тек Украинаға қарсы ғана емес, бүкіл Еуропаға қарсы соғыс жүргізуде. Оның ауқымы болашақта тек арта береді. Бундестагтағы оңшылдар мен солшылдар басқаша көзқараста болса да, шындыққа тура қарау керек. Осы заң қабылданса, Украинаға көмекті де арттыра түсеміз.
Айта кетейік, елдің бюджеттік дефицит туралы заңы «Қарыз тежегіші» деп аталып, қорғаныс қана емес, көп салада қосымша қаржы бөлуге тосқауыл болған. Осы түзетулер қабылғаннан кейін, Германия 12 жыл ішінде қарулы күштері мен арнайы инфрақұрылымға 500 млрд Еуро инвестиция жасамақ.