$500.32 €545.3 ₽6
×

«Біз қазір мүлде жаңа, өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз», - Е. Қошанов

19.03.2025ж. 20:00
169
«Біз қазір мүлде жаңа, өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз», - Е. Қошанов

Мәжіліс поэзия алаңына айналды. Кезекті отырысқа жиналған депутаттар ой емес, сөз жарыстырып әлек болды. Елдің қазіргі жағдайын өлең жолдарымен өрнектеп, шындықты шумақтармен жеткізуге тырысты. Президенттің алты жылда атқарған жобаларына арнау арнап, үш жылдағы реформаларына кәдімгі рефарат дайындап келіпті. Ұлудың жылдамдығымен жүрсек те, ұлы жетістіктерге жеттік деген халық қалаулылары бұл жолы қандай ұсынысты арқалай келген? Әріптесім Аружан Задабек толықтырып айтады.

 «Сатпайықшы бірімізді біріміз. Сақтайықшы бірімізді біріміз!». Ақынға қара сөзден өлең оңай деген рас екен. Қанша жыл айтыс сахнасынан түспей, әп сәтте Парламент қабырғасынан бір-ақ шыққан Зайытов бүгін осылай ағынан жарылды. Таланты ішіне сыймай, көкейін тескен мәселені арнаумен ақтарды. Сөз – Президенттің алты жылда атқарған ауқымды жобалары мен үш жылда іске асқан саяси реформалары жөнінде. Бұл тақырыпқа жақ ашпай, үнсіз кеткендер болмады. Бәрі бірінен кейін бірі нәтижені ауыз толтырып айтып, жоспарларды жүйеледі.

ЕРКІН ӘБІЛ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Бүкіл қиындықтарға қарамастан, сыртқы саяси жағдайды білеміз. Санкциялар жүйесін білеміз. Бірақ оған қарамастан экономика өсіп жатыр.


Осыдан үш жыл бұрын, дәл осы залда, Мемлекет басшысы халыққа тарихи Жолдауын жариялады. Ол уақыт әлем үшін де, Қазақстан үшін де алмағайып, күрделі сынақтардың кезеңі болған. Пандемия індеті дүрбелең туғызды.Жаһандық және аймақтық қақтығыстар, санкциялық соғыстар белең алды.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


Мемлекет басшысының үш жыл бұрынғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауы сын-қатерлерге берілген кесімді әрі нақты жауап болды. Бұл – елдің еңсесін көтерген, рухын оятқан, ұлтымызды ұйыстырған Жолдау! Шын мәнінде, Жаңа, Әділетті Қазақстан қол жетпес арман емес. Ол – халқымыздың талап-тілегінен, қоғамның сұранысынан туындаған қажеттілік, өмірдің шындығы. Ал, реформалар жай ғана заңды өзгерту емес, тұтас мемлекет пен қоғамның болмыс-бітімін жаңарту, жаңғырту.   


Үш жылдың ішінде билік толықтай жаңарып-жаңғырды. Конституциялық референдум, Президент және Парламент сайлауы өтті. Суперпрезиденттік басқару жүйесі шектелді. Президент енді ешқандай партияға мүше болмайды. Жақын туыстарының жоғары лауазымды қызмет атқаруына да тыйым салынған. Мемлекет басшысының бастамасымен Конституцияға бір реттік, жеті жылдық мерзім қағидасы енгізілді. Аралас сайлау жүйесі бойынша өткен Парламент сайлауы қоғамды «оятты» десек артық емес. Халық жаңа көшбасшыларды өздері іздеп, белсенді түрде ұсына бастады. Ал әкімдерді сайлау үйреншікті науқанға айналды.

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Сайлауға 5 жылда дайындалып, палау пісіріп жүретін халыққа кәдімгі европалық форматтың енуі. Сайлау бұл қоғамның өмір салтына айналды. Онымен қатар, сайланған мәслихат депутаттарын, мәжілісі бар, жалпы депутаттардың 90 пайызы жеке дара, бірмандаттықтан сайланған.


Заң шығару процесі де түбегейлі өзгеріске ұшырады. Бұған дейін нормалардың басым бөлігі Үкімет тарапынан әзірленіп, ұсынылатын болса, қазір депутаттардың заң шығарушы ретіндегі рөлі артты. Ал Конституциялық соттың құрылуы және омбудсмен институтының жұмысын күшейту сот төрелігі мен әділдікті қамтамасыз етуге жасалған үлкен қадам болды.

ҮНЗИЛА ШАПАҚ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Конституцияның үстемдігін толыққанды қамтамасыз етуде билік тармақтарындағы тежемелілік пен тепе-теңдік жүйесін, мемлекеттік биліктің тұрақтылығын  сақтауға жол ашылды.


Үш жылдың ішінде жүргізілген реформалар аясында бірқатар маңызды заң қабылданды. Заңсыз алынған активтерді қайтару, балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау, «Ұлттық қор — балаларға» - сөзіміздің дәлелі.  Әсіресе, бала қауіпсіздігіне ерекше ден қойыла бастады.

ДИНАРА ЗӘКИЕВА, ҚР БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ:

Жаңа баптар енгізілді. Буллингке қатысты 119 адам осы бап бойынша жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, балаларға жасалған жыныстық сипатта тиісу деген бап енгізілді.


Жыл сайын Ұлттық Құрылтайдың өтуі  - тағы бір жетістік. Қазір Ұлттық Құрылтай жай ғана форум емес, ықпалды қоғамдық-саяси институтқа айналды. Иә, мақтанатын да, ақталатын да, алда атқаратын да жұмыс көп. Депутаттар «Дөп» бассаң – ел үмітін ақтаған ерсің, «қалт» бассаң – жаудан бетер езсің!» деген ұстаныммен жұмыс істейміз деп жалындап отыр.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Жиынның жаңару күнімен тұспа-тұс келуі де бекерден-бекер емес. Өйткені бұл күн әрбір азаматтың өміріндегі жаңа кезеңге қадам басатын мезет. Мәжіліске жиналғандар дәл осылай өткенді електен өткізіп, болашаққа нақты қадам басуға бекініпті. Заман өзгерді. Мүмкіндік кеңейді. Жетістік бар. Дегенмен болдым-толдым деуге тағы болмайды. Әлі де шешімді талап ететін түйткіл баршылық. Оның рет-ретімен, орынды орындалуы - баршаға ортақ міндет.