$500.32 €545.3 ₽6
×

Ұлттық киімдер 30 пайызға қымбаттады

19.03.2025ж. 20:00
50
Ұлттық киімдер 30 пайызға қымбаттады

Қазақ болу қымбат! Мереке кезінде ұлттық тағамдарымызды пісіріп, наурыз көже мен бауырсаққа әбден тояйын дейсің, бірақ оған кететін ақшаны естігенде төбе шашың тік тұрады. Шапан, қамзолдарың да арзан тұрмайды. Биылдың өзінде көпшілік мейрам кезінде ғана киетін киімнің құны 30 пайызға шарықтады. Ұлттық аспаптардың да бағасы аспандап тұр.  Осы және өзге де ақпараттар "Экономика" топтамасында.

Қайырлы кеш! Эфирде  "Экономика". Студияда мен Сүндет Оралбек.

Жуанның жіңішкіреп, жіңішкенің үзілер шағы ұлыстың ұлы күнінде жақындарымызға сыйлық сыйлау жақсы үрдіс. Көбіне ұлттық нақыштағы заттарды беріп қуантамыз. Әсіресе, тақия, шапан, камзол, костюмдерге мереке қарсаңында сұраныс бірден артады. Биылдың өзінде ұлттық киімдер 30 процентке қымбаттады. Дегенмен сатып алушылар былтырғыдан 3 пайызға аз. Ал домбыраға қызығушылық танытқандар әлдеқайда көп. Орташа бағасы шамамен 25 мыңнын маңайында. Астау секілді ағаш ыдыстарының құны өзгеріссіз. 15 мыңнан саудаланып жатыр. Ал оюлы киіз кілемдерге сұраныс өте төмен. Бағасы былтырғымен салыстырғанда 55 пайызға арзандады. Зергерлік бұйымдардың да құны 17 процентке төмендеді.

Былтыр 1 млн 235 мың тонна ет өндірілді. Оның 149,6 мың тоннасы сиыр,  173,7 мың тоннасы жылқы еті. Жалпы өнімнің 102 мың тоннасы шет елге сатылды. Саудаланған өнімнің 22 мың тоннасы ірі қара, 17,6 мың тоннасы қой еті. Көбі Өзбекстан, Иран, Біріккен Араб  Әмірлігіне экспортталды. Сондай-ақ, 42 мың тонна тауық еті шекара асты. Оның 25 мың тоннасын Ресей, 15 мың тоннасы Қырғыстанға сатылды. Ал Арменияға 20 тонна шошқа еті экспортталды.  

Былтыр елімізде 40 мың 600 отбасының шаңырағы шайқалды. Олардың 17 мыңнан астамының некесі 1 жылға ғана созылған. 14 мыңы болса 5 жылға дейін бірге тұрған. Десе де, мамандар былтыр ажырасудың ең төмен деңгейі  тіркелгенін айтады. Осылайша 2001 жылдан бергі тарихи  минимумға төмендеген. Айта кетейік, соңғы үш жылда отбасын құрғандардың әр бесіншісі бұрын некеде болғандар.

Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар бүгін 497 теңгеден саудалануда. Еуро 540, Ресей рублі 6,12 теңге болды.

Мендегі бар ақпарат осы. Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар!