Бүгін-«Жаңару күні». Наурызнаманың негізгі идеясы, өзегі десек болады. Бұл тазаланып, үй – жайды ретке келтіріп қана қоймай, рухани жаңғырып, өткен қателіктерден сабақ алатын күн. Сондай-ақ, табиғатпен үндесіп, көпшілік көшеттер егеді. Еліміздің оңтүстік өңірлері дәстүрді жаңғыртып, айналаны көгертуді бастап кетті.
Бүгінгі шара әдеттегіден өзгерек. Кимешек киген әжелер мен қазақтың ұлттық киіміндегі қыздар саябақты тазалап, тал егуге келген тұрғындарға бауырсақ пен ақ ұсынып қарсы алды. Кейуаналар береке мен молшылық болсын деп, көшеттердің түбіне ағарған құйды. Көне дәстүрді жаңғыртып, қазақтың тамырын кеңге жайған ел болуын тіледі.
Аймақтың барлық аудан тұрғындары саябақтар мен тарихи ескерткіштердің айналасын тазалап, көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосты. Наурыз талдың бастамасы ретінде бір күнде 6 мыңға жуық көшет егілді.
ЕРЖАН ІСКЕНДІР, ӘКЕЛЕР ОДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Наурыз деген жаңарудың бастамасы ғой. Соған байланысты келіп тал егіп, ертеңгі келе жатқан жаңа жылымызға. Тазалықты, ұрпақты тәрбиелеп, үлкен тәлім-тәрбие беретін істерді біз өзіміз көрсетпесек мысалы, жастарға өзің көрсетпегеннен кейін айтқанымен ешқандай пайдасы жоқ.
Ал түркістандықтар бүгін он мың түп ағаш көшетін екті. «Жаңару күнінен» жақсылық, өзгеріс күткен мыңға жуық қала тұрғыны таңмен таласа жұмысқа кірісті. Қарағай, шырша секілді қылқан жапырақты ағаштар мен терек, үйеңкі көшеттері егілді.
БОЛЫСБЕК ШӘРІПБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бүгін біз жоспарға сәйкес, облыс көлемінде 100 мыңнан аса көшет егуді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, биыл біз облыстың елдімекендерін көгалдандыру үшін 1,2 млн көшет егуді жоспарлап отырмыз. Оның 631 мыңы көктемде егіледі.
Тараздықтар да таң атпай саябақта жүр. Жаңа күннің бастамасы ретінде 100 жас 100 тал екті. Жалпы аймақта 5000-ға жуық түрлі тұқымдағы ағаш егілді.
АҒАДІЛ РИНАТ, ЕРІКТІ:
Талдарымызды егіп, елімізге өзіміздің облысымыздың көгалдануына Жамбылымыздың жасыл желекке орануына өзіміздің үлесімізді қосы үстіндеміз.
«Жаңару күні» Наурыз мейрамының мәнін тереңдете түседі. Бұл кезең тек күн мен түннің теңелуі емес, адам мен табиғаттың үндестігі, үйлесімділігі.