Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында 9 ауыл көлік қатынасынсыз қалды. Бүгін таңда Қалдығайты өзені тасып, Жымпиты-Қаратөбе жолын су шайған. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне облыстық төтенше жағдайлар департаментінен хабарлады.
Осыған байланысты көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Елді мекендерге су басу қаупі жоқ. Медициналық көмекке зәру науқастар мен айы-күні жетіп отырған жүкті әйелдер аудан орталығына алдын-ала жеткізілді. Оқиға орнында ТЖД мен полиция және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері бар. Жағдай бақылауда, құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, - дейді ТЖ Департаменті жанындағы жедел штаб басшылығы.
Қалдығайты - бастауын Шыңғырлау ауданындағы Алмастаудан алатын, ұзындығы 243 шақырымды құрайтын өзен. Жазда тартылып, кей жерлері үзіліп қалып жатқанымен, көктемде арнасына сыймай, ел-жұртты әбігерге салатыны бар. «Қазгидромет» мекемесінің мәліметінше соңғы тәулікте дария деңгейі 49 см. көтеріліп, 429 см жеткен. Қауіпті меже 470 см саналады. Өзеннің арғы бетінде Саралжын, Аққозы, Қаракөл ауылдық округтеріне қарасты 9 елді мекен орналасқан. Енді ол жақтың халқы дария арнасына түскенше аудан орталығына қатынаса алмайды. Келешекте өзенге көпір салу көзделген.
Өзен бойындағы Қаратөбе, Үшағаш, Үшана, Сулыкөл ауылдарына 10 арнаулы теника, 100 шақты адам кезекшілікке қойылды. Былтыр өзен жағасына аудан күшімен дамба салған едік. Сол бөгет қазір судың өз арнасымен ағуына әсер етуде. Сондай-ақ, былтыр Үкімет келісімімен Қалдығайты және Қоржын ауылындағы Жақсыбай өзендеріне көпір салу үшін жоба-сметалық құжаттамаға тапсырыс берілді. Жоба дайын болғасын құрылысты мәселесі қарастырылады, - дейді аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев.