Қазақстанда 2025 жылдың басынан бері 600 кг-дан астам есірткі табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ кинологиялық бөліністерінің қызметкерлері «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында елдің барлық аумағында есірткі құқық бұзушылықтарын анықтау бойынша жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шараларды жүргізуге қатысады.
«Солтүстік Қазақстан облысында күдік туғызған автокөлік тоқтатылды. Виола лақап атты қызметтік-іздестіру итін қолдана отырып, көлік құралын тексеру барысында салмағы 30 грамнан асатын мефедрон есірткі заты табылды. Ұсталған адам есірткі жасырушы болып шықты.
Тағы бір оқиға республикалық маңызы бар Алматы-Астана автожолында болды. Онда полиция қызметкерлері тексеру үшін көлік құралын тоқтатты. Тексеру барысында Тея қызметтік итінің көмегімен жалпы салмағы 11 килограмнан асатын гашиш есірткі заты тәркіленді», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің кинологиялық қызмет басқармасының бастығы Алмас Күнтуов.
ІІМ мәліметінше, қызметтік-іздестіру иттерінің жұмыс нәтижелері айтарлықтай. 2025 жылдың екі айында ғана олардың көмегімен 100-ден астам есірткі құқық бұзушылығы анықталды, 600 килограмнан астам есірткі, оның ішінде 48 килограмм синтетикалық есірткі тәркіленді. ІІМ-нің кинологиялық бөліністері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша жұмысты жалғастыруда.