Парламент Мәжілісінің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулин тергеу басталғанға дейін елден кетіп қалған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз оның Қазақстанда емес екенін білеміз. Тергеу басталғанға дейін елден кетіп қалған. Ол Қазақстанда емес. Оны іздеу және елге қайтару бойынша шаралар жүріп жатыр. Іздеу шаралары барлық елді қамтиды, оған мемлекетаралық іздеу жарияланған», - деді Құрақбаев Сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп.
Естеріңізге салайық, наурыз айының басында 69 жастағы Арғын Нығматулинге іздеу жарияланғаны хабарланды. Оны іздеуге прокуратура бастамашы болған, ал іздеу шараларын Антикор жүргізеді.
Арғын Нығматулин Қарағанды облысында хоккейді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.
Айта кетейік, Нұрлан және Ерлан Нығматулиндердің ағасы Арғын Нығматулин «Сарыарқа» Қарағанды хоккей клубының негізін қалап, кейін оны басқарған. Бірақ, 2018 жылы клубтың директорлығынан кеткен.