$502.83 €545.37 ₽5.95
×

Қазақстаннан тазыны басқа елге шығаруға толық тыйым салынуы мүмкін

AstanaTV
20.03.2025ж. 14:32
137
Қазақстаннан тазыны басқа елге шығаруға толық тыйым салынуы мүмкін

Сенатор Бибігүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында қазақ тазысын сақтау және қорғау мәселесін көтерді,- деп жазды 

KAZINFORM.

- Қазақтың құмай тазысы мәдени мұраның бір бөлігі ғана емес, сонымен бірге ұлттық бірегейліктің маңызды символы. Тазы тұқымның тазалығын сақтау және оның шетелге бақылаусыз шығарылуын болдырмау үшін қосымша тиісті өзгерістер қажет екенін мамандар көтеріп отыр. Көптеген елдер бірегей ит тұқымдарын қорғау үшін мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды қарастырған. Мәселен, Жапонияда акита-инуды, Түркияда кангалды, Түрікменстанда алабайды сыртқа әкетуге тыйым салынған. Қазақстанда да бұл жағдайда қатаң шарларды қолға алған жөн. Құмайды экспорттауға толық тыйым салу немесе тиісті мемлекеттік органдардан арнайы рұқсат алуын міндеттеу маңызды, - деді Б. Жексенбай Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, тазының генофондын қорғау және басқа ит тұқымдарымен будандастыруға жол бермеу үшін шұғыл шаралар қажет.

- Ұлттық кинологтар қауымдастығы өкілдерінің пікірінше, елімізде тазы мен төбет күні деп белгіленген 3 қыркүйек тарихи әрі мәдени дәстүрге сәйкес келмейді. Дәстүр бойынша Қазақстан аң аулау маусымы қараша айында алғаш қар түскенде – қансонарда басталады. Тазы мен төбет күнін осы кезеңге орайластырып, қарашаның бірінші жексенбісіне белгілеуді қарастырған жөн. Бұл өз кезегінде мерекенің аңшылық әрі саятшылық дәстүрлерімен байланысын күшейтеді. Осы орайда тазы мен төбет күнін дәстүрлі аңшылық маусымының ресми ашылуымен байланыстыра отырып, қарашаның бірінші аптасына ауыстыруды қарастыру ұсынылады, - деді депутат. 

Сенатордың сөзіне қарағанда, әлемдік деңгейде қазақ тазысын бренд ретінде насихаттау бағытында дәстүрлі Қансонарда арнайы халықаралық фестивалін өткізіп тұру, Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» шығармасы негізінде көркем фильм түсіруді қарастырған жөн.