Қоғамдық көлік қауіпсіз бе? Соңғы кездері автобуста болатын келеңсіз жағдай жиілеп кетті. Бірі төбелессе, енді бірі "үлкенге орын бермедің" деп дүрсе қояды. Дауыс көтеріп, болмашыға ұрыс шығаратын тұрғындар да бар. Кейде ашуға булыққандар бір-бірін сабалап, істері сотқа жетеді. Тәртіпті бұзып, ойына келгенді істейтіндер тағы бар. Бұл мәселе қашан шешіледі? Осы және өзге де өзекті тақырыптарды Аружан Задабек «Өзекті» айдарында саралайды.
Қайырлы кеш болсын, көрермен! Өзекті тақырыптарды жиып келдім. Бірге болыңыз!
Қазір қоғамдық көлікке мінуге қорқып қалдық. Ашығы осы. Әлеуметтік желіде тараған түрлі видеоларды көргенде аяқтың тартпай қалуы орынды ма деп ойлайсың. Осындай келеңсіз бір оқиғаны назарларыңызға ұсынамыз.
Үлкен әйелдің баланы төмпештеп ұрып жатқаны жүректі ауыртады. Бәлкім себебі болар деп ақтап алайын десең де қызметтік этика қайда деген сұрақ туындайды. Бізде мұндай жағдай көп. Автобусқа мінген халықтың бір-бірін аяусыз ұрып, аузына келген сөзді айтатына көз де құлақ та үйреніп кетті. Бұл мәселе мені ғана емес біраз адамды алаңдатады екен.
БЛИЦ:
- Балаға деген қатігездік! Жастарды қатігездікке апарып жатыр. Кондуктурды заңға тарту керек!
- Бала төлемей қалса автобус жүрмей қала ма осы? Осындай жауыз адамдар неге қаптап кетті? Бір 100 теңге үшін бір-бірін жеп.
- Кондукторлар өте нашар жағынан көрсетеді өздерін. Автобустың Құдайы сияқты. 128-автобустың кондуктурлары өте нашар. Қабақтарын шытып, айқайлап кіреді автобусқа. Қолға алуларыңызды сұраймын автопарк басшылары!
Дегенмен қоғамдық көліктерге қатысты жақсы жаңалық та жоқ емес. Енді жолаушылар автобуста жүріп келе жатып, қазақ тарихында өшпес із қалдырған тұлғалар туралы біле алады. Бұл желідегі оқырмандарды қуантып қойды.
БЛИЦ:
- Барлық жерде осылай болса керемет болар еді!
- Тамаша! Мен қолдаймын!
- Өте керемет!
Ана – әлемдегі ең жақын адам. Оның мейірімі, махаббаты мен жылы құшағы ештеңеге айырбастауға келмейтін бақыт, жақұт. Ана бала үшін бәрін істейді. «Отқа да, суға да түседі» деген тіркес осы аяулы жандарға арналып айтылса керек. Әлеуметтік желіде балаларын құшақтап алып, орталық алаңда ән айтып, ақша табатын әйелдің видеосы біраздан бері тарап жүр. Бірі «жоқшылықтан осылай жүр» десе, енді бірі «сүйікті ісі болар» деп ақтап алып жатыр.
БЛИЦ:
- Ешкім еріккеннен шықпайды. Бар ұят-намысты жиыстырып, балалар үшін шығу үлкен жігер ғой. Балаларын қалдыратын адам жоқ шығар. Қазіргі кезде ешкім «мә,саған дайын жұмыс» деп те бере қоймайды ғой.
- Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетуде...
- Номерін жазып жіберіңіздерші, өтініш. Жаным, барып құшақтап алғым келіп тұр осы келіншекті. Ана деген осы ғой. «Балам, балам» деп өмір сүреді.
Құрметті көрермен, бүгінге осы. Аман-сау болыңыздар