Атырауда жол қозғалысы ережелерін бұзудың 200-ден астам дерегі тіркелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ел аумағында 18-20 наурыз күндері аралығында көшелер мен өзге де қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және оның жолын кесу мақсатында "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Шараның алғашқы екі күнінің қорытындысы бойынша профилактикалық есепте тұрған 690 азамат тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріліп, жалпы саны 872 құқық бұзушылық дерегі анықталды. Анықталған құқық бұзушылықтардың ішінде: алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда масаң күйде жүрудің – 64; ұсақ бұзақылықтың – 68; алкоголь өнімін өткізу талаптарын бұзудың – 5; мас күйде автокөлік басқарудың – 5; жүргізу құқығы жоқ адамның немесе құжатсыз тұлғаның көлік басқару фактісі бойынша – 5 оқиға тіркелді. Сонымен қатар жол жүрісі қағидаларын бұзудың 225 дерегі анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.