Бүгін Наурызнаманың 8-ші күні. Бірлігі жарасқан Қазақстан халқы Ынтымақ күнін атап өтуде. Өткен ғасырда бүтіндей бір этникалық топтар Қазақстан аумағына күштеп жер аударылды. Ашаршылық кезеңінен енді ғана еңсесін көтеріп, есін жия бастаған қазақ халқы тағдыры тәлкекке түскендерді өзектен теппеді. Қоныс аударуға мәжбүр болған этностарға пана болды, мейірімін төгіп, бауырына басты. Осылайша Қазақстан көпэтносты мемлекет болып қалыптасты. Қазір елімізде 124 этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде.
1930-1940 жылдары Кеңес одағында тұтас халықтар депортацияға ұшырады. Әуелі Қиыр Шығыстан корейлер келді, ал 1944 жылы 650 мыңдай шешен, ингуш, калмақ, қарашайлар көшіріліп, қазақ жеріне қоныс тепті. Олардың арасында Қабанбай батыр ауылының тұрғыны Магомед Сукаловтың әкесі де болған еді.
МАГОМЕД СУКАЛОВ, «ВАЙНАХ» ШЕШЕН-ИНГУШ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ МҮШЕСІ:
1944 жылы жолшыбай анау Есіл бар мына Атбасардың маңында, әкелерімді сонда түсіріпті. Әкелерім енді бейнет көрді. Совет Үкіметі біреуін былай түрткілеп, біреуін былай түрткілеп, қиындықтар болды ғой. Сол қиындықтың ішінде жүріп, бізге қамқорлық істеді қазақтар. Абайдың айтқан сөзі бар ғой, «тілін білсең, тең боласын» деп. Орыс болсаң да, қазақпен сөйлессең, қазақ болып кетесің. Қазақтан тілін, дінін үйреніп, сол жерде өсіп, өндім.
Қазір Магомед Сукалов Целиноград ауданындағы Достық үйін басқарады. Егде жасына қарамастан, әлі тын, қоғамның белсенді мүшесі. Осыдан 51 жыл бұрын қазақтың қызына үйленген. Ерлі-зайыптылар 10 баланы дүниеге әкеліп, жарты ғасыр бір шаңырақ астында бақытты өмір сүріп жатыр.
Бір ғана Қабанбай батыр ауылының өзінде 14-15 этнос өкілі тұрады. Аядай ғана елдімекен тұрғындары татулық пен ауызбіршіліктің асқан үлгісін көрсетіп келеді.
ТЕМІРХАН ӘНЕСОВ, ҚАБАНБАЙ БАТЫР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біз бөлінбейміз қазақ, орыс, шешен деп. Барлығы бір ұлт тәрізді. Бейбітшілікті сақтау үшін бірлік керек. Бірлік бар жерде тірлік болады дейді қазақ.
Қиналғанға көмек беру - қазақтың қанына біткен қасиет. Қазақстан әу бастан бейбітшілік пен келісімді ту еткен. Қазіргі татулық пен тұрақтылықты көзіміздің қарашығындай сақтау – баршаға ортақ міндет. Дәл осы ауызбіршілік пен ынтымақтың арқасында мемлекетіміз талай қиындықты еңсеріп, жеңісті жолмен жүріп келеді.