Алматыда наурыз мерекесі аста-төк тойланып жатыр. Қаладағы үлкен алаңдарда түрлі креативті киіз үйлер бой көтерген. Алтыбақан орнатылып, спорттық ойындар ұйымдастырылуда. Қазір әріптесім Айдана Шалқар тікелей эфирге қосылады. Айдана, наурыз құтты болсын! Алматылық ағайынның көңіл күйі қалай?
АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:
Қайырлы күн, көрермен! Рақмет, Қасымхан, сіздерді де ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын! Дәл қазір мегаполистегі Абай алаңында тұрмыз. Халықтың көп болғаны сонша ине шаншыр жер жоқ.
«Nauryz fest» атты басты салтанатты концерттің басталғанына 1 сағат болды. Республика сарайының алдына креативті киіз үй, алтыбақан орнатылып, жайнап шыға келді. «Рухани мұра» киіз үйінде Абай, Жамбыл, Дина сияқты ұлы тұлғалар пайдаланған аспаптардың көшірмелері ұсынылған. Оған қоса, мұнда небәрі 20 минутта жиналатын ерекше киіз үйді тамашалауға болады. Одан бөлек, қазір кесте тігу, тоқыма, қамшы, әшекей-бұйым жасау бойынша түрлі мастер-класс өткізіліп жатыр.
АЙТЖАМАЛ ТҰРЫСБЕКҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бүгін міне концерт болып жатыр, ауа райы да сондай тамаша. Жәрмеңке болып жатыр. Мына жәрмеңке болған өте жақсы екен. Бір-біріменен тәжірибе алмастыру, ұмытып қалған мына бұрынғы өнерлерді жалғастыру. Мәселен, біз міне кілем тоқу, кесте тігу осылардан мастер класс көрсетіп, үйренем дегендерге ұрпақтарға өнерімізді қалдырып кету мақсатында мастер класс көрсетіп жатырмыз.
Қазір менің жанымда қала тұрғыны Дана Білдебаева тұр. Дана, бүгінгі мерекеге ұлттық нақышта киініп, дайындалып келіпсіз. Көңіл күйіңіз қалай?
ДАНА БІЛДЕБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Барлығы өте керемет. Мерекелік іс-шара өте жақсы деңгейде өтіп жатыр. Жылдан-жылға Наурыздың аталып өту деңгейі де артып жатыр. Барша Қазақстан халқын Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесімен шын ж.ректен құттықтағым келеді. осы салт пен сананың ұштасқан мерекесі жылдан-жылға жалғаса берсін. Мереке құтты болсын!
АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:
Дана, көп рақмет, осындай көтеріңкі көңіл күйде мерекені жалғастыра беріңіз. Айта кетейік, концерт түнгі сағат 22:00-ге дейін жалғасады. Біздегі мерекелік атмосфера осындай. Қасымхан, сөз кезегі өзіңізде.