$516.01 €582.47 ₽6.26
×

"Наурыз – нағыз еңбек мерекесі", - Президент

21.03.2025ж. 20:00
405
"Наурыз – нағыз еңбек мерекесі", - Президент

Наурыз – нағыз еңбек мерекесі. Өйткені еңбекқорлық – озық ойлы ұлтқа тән қасиет. Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтаған Мемлекет басшысы еңбек адамының беделін арттыру бағытында жұмыс жалғаса беретінін жеткізді. Президент этноауылдағы қолөнер жәрмеңкесін аралап көрді. Биыл көрмеге отандық қолөнершілермен қатар Қытай, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия, Иран, Тәжікстан елдерінен шеберлер шақырылған.  

Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында бүкіл дүние қайта жаңғырады. Ата дәстүрімізге айналған мерекені қазақ көне заманнан тойлайды. Ал биыл мереке Ораза айымен тұспа-тұс келді. Мұның еліміз үшін мән-маңызы зор. Себебі, дініміз бен дәстүріміз егіз. Қос қазынамыз халқымыздың бірегей болмысын айшықтай түседі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Наурыз – ең алдымен, игілікті істердің мерекесі. Осы күндері әр үйде ақ дастархан жайылады. Ел-жұрт бір-бірімен қауышып, ақ тілегін айтады. Мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетеді.


Наурыз мерекесі былтырдан бастап жаңа тұжырымдамаға сәйкес он күн бойы аталып өтіледі. Бұл мерекенің әр күні тағылымға толы.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Шетелдік меймандар да мереке қарсаңында Қазақстанға арнайы келіп, біздің салт-дәстүрімізбен танысады, әдет-ғұрпымызды танып-біледі. Біз осы рухани қазынамызды жан-жақты дәріптеуіміз керек. Наурызнама бойынша бүгін – Ынтымақ күні. Еліміз үшін ауызбіршілік пен татулықтың орны қашанда ерекше. Бүкіл халқымыз ұлтына, дініне қарамастан бір ел болып, Наурызды бірге атап өтеді. Біз осындай береке-бірлігіміздің арқасында болашаққа зор сеніммен қарап, тек алға қарай қадам басып келеміз.


Әз-наурыз тазалық, еңбекқорлық секілді құндылықтарды дәріптейді. Бұл күні халқымыз тал егіп, бұлақ көзін ашқан. Айналасын тазалап,  табиғатты аялаған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл дәстүр бүгін де өз жалғасын табуда. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Жалпыұлттық іске барша жұртымыз, әсіресе, жастар белсенді атсалысуда. Осылайша қоғамымызда жаңа экологиялық мәдениет пен болмыс қалыптасып келеді.


Биыл Конституциямызға және Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толады. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Көп ұзамай қастерлі Тәуелсіздігіміздің 40 жылдық мерейлі белесіне жетеміз. Осы тұста еліміз озық, өркениетті, қуатты мемлекет болуы керек. Мемлекет басшысы бұл мәселеге ерекше тоқталды. Осы бағытта аянбай еңбек етуге шақырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз «Заң мен тәртіп» қағидасы берік орныққан, әділетті, қауіпсіз, таза, мәдениетті және дамыған Қазақстанды міндетті түрде бірге құрамыз! Қазақстаннан басқа еліміз жоқ. Сондықтан бәріміз бір қоғам болып мемлекетімізді нығайтайық, дамытайық, көркейтейік!


Мемлекет басшысы биылғы жұмысшы мамандықтар жылына да тоқталды. Еңбек адамының беделін арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Бұдан кейін  Президент жұртшылықпен бірге мерекелік концертті тамашалады.

Артынша этноауылдағы қолөнер жәрмеңкесін аралады. Көрмеге отандық ғана емес алыс-жақын шетелден де шеберлер шақырылған. Сондай-ақ, Қасым Жомарт Тоқаевқа қазақстандық дизайнерлер мен танымал брендтердің ұлттық киім үлгілері таныстырылды.