$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Алматыдағы мерекелік концерттер 23 наурызға дейін жалғасады

AstanaTV
21.03.2025ж. 20:00
169
Алматыдағы мерекелік концерттер 23 наурызға дейін жалғасады

Алматы көктем мерекесінің ошағына айналды. Мегаполистің әр бұрышын өнер жұлдыздары әннен шашу шашты. Ал "Алматы – Наурыз құшағында» атты шарада аты аңызға айналған эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, мерекелік драйвты одан әрі жандандыра түсті.

АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:

Алматыда мереке қызу тойланып жатыр, бір тыным жоқ. Ұлттық ойындардан түрлі жарыс өтуде. Ал мына жерде жұрт садақ ату үшін ұзын-сонар кезекте тұр. Қазір мен де бағымды сынап көремін.


Астана алаңына жиылған жұрт ән айтып, би билеп қана қоймай, түрлі ұлттық спорт түрін тамашалады. Мәселен, мұнда 9, 11-сынып оқушылары арасында тоғызқұмалақ сайысы өтті. Жарыста 62 білім алушы бақ сынады.  Алмалы, Жетісу, Түркісіб аудандарының спортшылары бәйгеде алға шығып, ақтық мәреде жеңісті қанжығаларына байлады.

АЗАМАТ ҚАЛБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің негізгі мақсатымыз бұл – бұқара арасында кеңінен тарату тоғызқұмалақ ойынын. Тоғызқұмалақ ойынын қазір интернет желісінде де тез ойнап үйренуге болады. Марапатталған жеңімпаздарды кубок және төсбелгі медальдарымен Алматы қаласы спорт басқармасының берген сыйақы жүлделермен марапатталды.


Наурыз мерекесінің басты көркіне айналған бүркіттер мен арғымақтар да тұрғындар үшін суретке түсуге арналған негізгі элемент болды.

АЯЖАН ДАНИЯРҚЫЗЫ, ҚҰСБЕГІ:


Бұл бүркіттің аты – Арын. Жасы 7-де. Наурыз мерекесінде біздің халқымызды кішкене қуанту үшін осындай бүркітті көргеннен кейін халық қатты қуанып қалып, суретке түсіп жатыр. Ол бізді қатты қуантады.


«Алматы – Наурыз құшағында» атты ауқымды концертте аты аңызға айналған эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, мерекелік драйвты одан әрі жандандыра түсті. Халық әртісі Роза Рымбаева жаңа жылмен құттықтап, қуанышымен бөлісті.

РОЗА РЫМБАЕВА, ҚР ХАЛЫҚ ӘРТІСІ:

Мен бақытты әншімін деп санаймын, себебі менің «Наурыз думан» әнім осы мерекеде міндетті түрде шырқалады. Тек қана бір сахнада емес, бүкіл Қазақстанда. Мен осы наурызды жырлайтын бақытты әншімін. Ал енді елімізге биылғы наурыз бақ-береке әкелсін, бірлік әкелсін, Қазақстанымыз жылдан-жылға көркейе берсін.


Түрлі зергерлік бұйым, әсем өрнектермен кестеленген картиналар мен мұражайдан әкелінген экспонаттар да халықтың жанарын жаулады.

БЛИЦ:

- Мемлекет басшысының бастамасымен басталған осы іс-шаралар республика көлемінде ерекше аталып жатыр. Қазір байқап тұрсаңыздар, Қазақстанға келген шетел мемлекеттерінің қонақтарының да ұлттық киімге деген қызығушылық, көрмелерді қарап немесе сатып алып жатқанын өздеріне ескерткішке, қуантарлық жағдай.
- Бүгін наурыз мерекесін тойлап жатырмыз. Алматы қаласында мен осы екінші жылым. Алматыда өте керемет тойлап жатырмыз, концерттер, түрлі жәрмеңкелер болып жатыр.


Мерекелік концерт мұнымен бітпейді. Іс-шаралар 23 наурызға дейін жалғасады. Қала қонақтары мен тұрғындары күн сайын сағат 22:00-ге дейін «Juldyzdy Almaty» фестивалі аясында жарқын концерттерді, театр қойылымдарын, ұлттық ойындар мен қолөнер жәрмеңкелерін тамашалай алады.