$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Наурыз мерекесін Ертіс-Баян өңірі сән-салтанатпен тойлап жатыр

21.03.2025ж. 20:00
240
Наурыз мерекесін  Ертіс-Баян өңірі сән-салтанатпен тойлап жатыр

Наурыз мерекесін  Ертіс-Баян өңірі де өзіндік сән-салтанатпен тойлап жатыр. Облыс орталығында  ақ шаңқаң киіз үйлер тігіліп,  қазан ошақ асылды. Наурыздың басты тағамы наурыз көже пісірілді. Жастар жағы алтыбақан теуіп, ұлттық спорт түрлерін сынға түсті. Аймақтағы мерекелік көңіл күйді әріптесім Өзгеріс Қуанар жеткізеді.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Бұл наурыз бұрынғы наурыздан өзгерек. Өзгерек дейтініміз биыл қардың көбесі ертерек сөгілді. Әдетте, осы уақытта ақ қар, көк мұз жататын. Осы жылы қар еріп, күн жылынып жер аяғы кеңіді. Бұл Ертіс-Баян халқы үшін көптен күткен қуаныш.


Наурызды  өңір жұртшылығы ауыл ауыл болып тойлап жатыр. Қаланың әр жерінде ақшаңқаң киіз үйлер тігілді.  Қазан ошақ асылып, наурыз көже пісірілді. Өнерпаздар жиналған халықты  ән мен күйге бөледі.

ГҮЛБАРАМ НАУРЫЗБАЕВА, ҰСТАЗ, БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ:

Бүгінгі әз-наурыз мейрамы құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!  Еліміз аман, жұртымыз тын болсын! Бүгінгі таңда халықтың жағдайы көтеріңкі Аллаға шүкір. Әркімнің өзінің арманы бар. Жерлестеріме арманға бірге жетейік дегім келеді.


Киіз үйде қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен көрініс беретін көрмелер қойылған. Наурыз тойлауға жиналған бұқара суретке түсіп мәр-сәре болып жатыр. Ал палуандар өзара кіл мықты анықтау үшін сайысқа түсті. Тоғызқмалақ,  қой көтеру, көкпар сынды ұлттық ойындар да қыза түсті.

ШОЛПАН БАЙҒАЛЫ, АҚЫН, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ:

Наурыз – жаңару айы. Мынау бірінші наурыздан бастап көктемнің лебі білінді. Мереке наурыз басталды. Өзіміз айтып отырмыз ғой. Ауа-райы да, қар да кетіп, Павлодарда сондай бір керемет ауа-райы болып тұр. Бейбітшілік болсын қоғамда. Еліміз тыныш, бауырымыз бүтін болсын!


ЗИКЕН ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ел жұртқа тілейтінім зор денсаулық, тыныштық, осылай мейірманды болайық, кешірімді болайық. Келе жатқан наурызымыз жақсылық әкелсін қай босаға да болса. Бақыт әкелсін, жақсылық әкелсін.


Наурызға арналған негізгі іс-шаралар легі ертең орталық алаңда өтеді. Этноқалашықта тұрғындар киіз үйдегі көрмелерді тамашалап, қазақ эстрада жұлдыздарының концертін тамашалай алады. Алаңда алтыбақан теуіп, асық ойнап, садақ атып, қазақ халқының төл өнерімен танысуға мүмкіндік бар.