$502.83 €545.37 ₽5.95
×

Оралда көпқабатты үй тұрғындары Наурызды тойлады

AstanaTV
21.03.2025ж. 20:00
100
Оралда көпқабатты үй тұрғындары Наурызды тойлады

Оралда көпқабатты үй тұрғындары татулығын көпке үлгі қылып, өздері аулаға киіз үй тігіп, қазан-ошағын құрып, думандатты.  Ынтымағы жарасқан көршілердің берекелі тірлігі туралы келесі сюжетте.

Ұлыстың ұлы күнін оралдықтар орталық алаңда ғана емес, көпқабатты үйдің ауласында өздері тойлауды игі дәстүрге айналдырған. Жылдағыдай ауладан киіз үй құрып, ет асып, палау басты.

МЕЙРАМГҮЛ ӘБІШЕВА, ТҰРҒЫН:

Үйдің тұрғындары, мұнда 6 подъезд бар. Бәріміз бірігіп, осы көшенің Бірлік деген атына сай, бірлігімізді, татулығымызды, ынтымағымызды көрсетейік деп әкімдіктің тойлап жатқанын күтпей, өзіміз бастай берейік деп Наурыздың иісін шығарып, өзіміз тойлап жатқан жайымыз бар. Жылда тойлаймыз. Осы үйді алғанымызға биыл төртінші жыл.


ГҮЛБАРШЫН АҚМАЛИЕВА, ТҰРҒЫН:

Бұрын ауылда да осылай тойланып жүрді ғой. Барлық дәстүрлер сақталынып жүрді. Қазір қалада да ештемеден кем болып жатқан жоқ. Бәрі өзінің дәрежесінде өтіп жатыр. Ауыл деп айтуға болады, бір ел деп айтуға болады. Бір үй, 35-ші үй түгелдей бәріміз жиналып, осылай дәстүрді жасап жатырмыз ғой. Іргеміз құтты, аман көрші болып отырайық дегім келеді.


Бүгінгі мейрамға Бірлік көшесіндегі 35-інші үйде тұратын 200-ге тарта отбасы түгел жиналып, балалардың өнерін тамашалады. Ән мен жырдан шашу шашқан шағын концерттен кейін дастарқаннан дәм татты.

ДАНАГҮЛ ШАЛАБАЙҚЫЗЫ, ТҰРҒЫН:


Мерекені атап өту үшін біздер Бірлік 35 тұрғындары болып, өзіміздің подъезд болып әдемі етіп өзіміздің дастарқанымызды дайындадық. Бұл дастарқан дайындау үшін барлық әйел өздерінің қолынан келетін шеберліктерін бәрін көрсетіп, түрлі тағамдар дайындады. Бұл жерде ұлттық тағамдарымыз бізді. Көршілердің ауызбірлігі осындай жағдайда көрінеді.


Бұдан кейін ұлттық ойындарға кезек келді. Білектілер арқан тартысып, күш сынасса, ептілер ләңгі тебуге асықты. Бірлігі жарасқан Бірлік тұрғындары келер жылы да ұлыстың ұлы күнін атап өтеміз дейді. Ал ертең көршілеріне қонаққа барады. Олар ертеңгі думанға әзірленіп жатыр.