Шымкентте барлық аудандар мен тұрғын алабтарда түрлі шаралар өтіп жатыр. Соның бірінде қазір әріптесім Айзада Төребекқызы да жүр. Көпшіліктің көңіл күйімен бөліседі.
«Астана» алаңында мереке барлық сән-салтанатымен өтуде. Театрландырылған сахналық қойылымдар әз наурыздың, жаңару мен жасарудың нышанын бейнеледі. Салт-дәстүрлеріміз сахналанып, ұлттық киімдеріміз ұлықталды. Жиналғандардың қарасы қалың.
БҰЛБҰЛ РАСУЛ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Көңіл- күйіміз өте тамаша. Бұл жерде қазақтың салт-дәстүрі, әртүрлі спорт түрлері, қазақтың би өнері, қолөнері бәрін бірден көріп, тамашалап, көңіл-күйіміз өте күшті. Барша Қазақстан халқына мерекелеріңіз құтты болсын деймін. Әз наурызымыз құтты болсын!.
Наурызнама онкүндігін шымкенттіктер айырықша атап өтті. Ынтымақ күнін де ынтымағы жарыса тойлап жатыр бүгін.
БАҚТИЯР ӨНЕРБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары белсене атсалысып, осы мерекені жақсылап тойлап жатыр. Барлығы мейірімділік күні, қайырымдылық күні, шаңырақ күні, ұлттық киімдер күні міне көрдіңіз, қаланың көп халқы қазір ұлттық киімге бет бұрып, өзіміздің салт-дәйстүрі, әдет-ғұрпымызды, ұлттық киімімізді нақыштап, соны халыққа үгіттеп жатыр.
Жиналған жастар алтыбақан теуіп, көпшілік түрлі спорттық ойындарды да тамашалады. Қол күрес, асық ату сынды ойындарға өздері де қатысты. Ал қазақша күрестен нағыз спортшылар сынға түсті.
АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасуда. Кешкісін де эстрада жұлдыздары ән мен жырдан шашу шашады. Ал ертең мегаполис тұрғындары мен қонақтары “Бесікке салу» дәстүрін көріп, «Жарамазан Fest» республикалық байқауын тамашалайды.