Елімізде мың жарымға жуық адам Наурыз есімін иеленген. Бұл- Ұлттық статистика бюросының мәліметі. Ныспысы Наурыздан басталатындардың дені -ер адамдар. Қазір бұрынғыдай емес, халық сәбиге қазақы ат қоюға бет бұрған. Биылдың өзінде 53 балаға түбірі Наурыз сөзі бар есім қойылған.
Ата-ана балаға ат қою арқылы оның болашағына тілек білдіреді. Есімі жақсы өмір сүруіне себеп болсын дейді. Бүгінде әдемі есімді иеленіп, мәнді ғұмыр кешіп жатқандардың бірі- депутат Наурызбай Байқадамов. Сенатор ұлы дала дәстүрінде халқымыз балаға есімді ырымдап қоятынын айтады.
НАУРЫЗБАЙ БАЙҚАДАМОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Қазақта ат қою, азан шақырып есімін қою бұл өзіндік философиясы бар дүние ғой. Ат қойғанда ойланып қою керек. Ат шынында балаға әсер етеді. Ол атты атаған кезде, оны не үшін қойған екенін ата-анасы айтып отырады. Ол өзі де оқиды, біреуден естейді. Соның барлығы мүмкін сол адамның психологиясына әсер етуі мүмкін. Сондықтан әр адам ұрпағына, бала-шағасына ат қойғанда ойланып, салмақтап барып қойғаны дұрыс.
Еліміздің батыс өңірінде сенатормен аттас тұрғын көп. Наурызбайлар мен Наурызгүлдер ең көп таралған аймақ – Маңғыстау облысы. Мұнда 282 адам осы есімді иеленген. Бұл атпен Түркістанда - 172 адам, Қызылордада 165 адам өмір сүреді. Ірі қалалар арасында Наурыз есімді азаматтар ең көп тұратын қала Шымкент шаһары. Онда 83 адам бар. Одан кейін Астанада - 62, ал Алматыда 42 тұрғын тұрады. Есім сирек кездесетін өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Абай облыстары бар. Еліміздегі ең егде Наурыз есімді азамат 84 жаста. 2023 жылы 9 нәрестеге осы есім берілген. Сондай-ақ республика аумағында Наурыз атты 119 полицей қызмет етеді. Оның төртеуі - нәзікжанды.
Елімізде 30 жылда мыңнан астам Наурыз есімді бала дүниеге келген. Бұл статистика Наурыз мерекесінің дәрежесі нығайып келе жатқанын айқын көрсетеді.