$502.83 €545.37 ₽5.95
×

Алматыда 5 мыңнан астам адам Абай әндерін орындады

AstanaTV
22.03.2025ж. 19:53
228
Алматыда 5 мыңнан астам адам Абай әндерін орындады
Фото: қала әкімдігі

Алматыда 5000-нан астам адам қазақтың ұлы ақыны, философы және ағартушысы Абай Құнанбайұлының шығармаларын бірге орындап, Наурыз мейрамын және Абайдың 180 жылдық мерейтойының жақындауын атап өтті. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Музыкалық флешмоб таңертеңгі сағат 9.00-де басталды. Абай даңғылы бойымен – Абай алаңынан Назарбаев даңғылына дейін 5 мыңнан астам адам жиналды. Олардың қатарында Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының әртістері, Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенттері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының болашақ музыканттары, танымал вокалистер, қала тұрғындары мен қонақтары болды.

10.00-де Алматы аспанында Абай әндері шарықтады – мыңдаған адам «Көзімнің қарасы» және «Желсіз түнде жарық ай» әндерін бір уақытта шырқады. Бұл жай ғана музыкалық қойылым емес, Абай мұрасына деген құрметтің, мәдени жадының және ұлттық бірліктің көрінісі болды. Хордың әуезді үні көктем мерекесінің рухани жаңғыру мен тазару идеясына үндесті.

Музыкалық шарадан кейін Республика сарайы алдындағы сахнада театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарлама өтті. «Жаңа ғасыр» театрының актерлері Абай шығармашылығына арналған спектакль көрсетті. Сондай-ақ, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері халықтық өнерді жаңғыртып, тарихи образдарды сахнаға алып шықты.

Күннің басты мәдени шараларының бірі – қазақ музыкасының түрлі бағыттарын қамтитын үлкен концерт. Бүгін сахнаға Steppe sons, Жамиля Серкебаева, «Тұмар», «Ұлы дала қыздары», «Жұмыр қылыш», ILIGAI, «МузАрт Life» дуэті, Aldaspan тобы, сондай-ақ Бибігүл Қилымхан, Диас Мұратхан, Сандуғаш Стамғазиева, Тілек Базаров, Марал Анарбек, Қайратбек Бектұрсын және басқа да өнерпаздар шығады.