23 наурызда Түркияның оппозициялық Республикалық Халық партиясының алдын ала сайлауында 15 миллион адам биліктен қуылып, тұтқындалған Стамбул мэрі Экрем Имамоглуға қолдау білдіріп, дауыс берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sözcü басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Имамоглының жақтастары жексенбі күнгі праймеризде дауыс беріп, Стамбул мэрін Республикалық Халық партиясы (Cumhuriyet Halk Partisi) президенттігіне кандидат етіп ресми түрде сайлады.
"23 наурызда партиямыздың 1 миллион 653 мың мүшесі еліміздің болашақ президенті Экрем Имамоглуға дауыс берді. Бұл қазіргі төңкеріс әрекетіне шешуші жауап. Сондай-ақ біз азаматтарды дауыс беруге шақырдық. Біз олардан болашақ президент Экрем үшін 13,21 миллион дауыс алдық. Оған барлығы 14,85 миллионнан астам адам дауыс берді", – деді партия басшысы Озгур Озел.
Ол Ердоғанды мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдауға және оларда Имамоглумен бәсекелесуге шақырды.
Алдын ала сайлаудың нәтижелері жарияланған соң Экрем Имамоглу Силиври түрмесінен алғашқы жазбасын жариялады.
"Силиври түрмесінен мені қатты қуантқан жаңалықты сіздермен бөліскім келеді. Республикалық Халық партиясының президенттік сайлауы рекордтық деңгейде өтті. 15 миллион азаматымыз дауыс берді. Елде үкіметтің қысымынан, бұзылған экономикадан, біліксіздік пен заңсыздықтан зардап шеккен ондаған миллион адам өз таңдауын жасады", – деп жазды ол.