Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен АҚШ-Ресей делегацияларының кездесуі аяқталды, – деп хабарлайды 24kz.
«REUTERS» агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, келіссөз сәтті өтті. Бүгін тараптар мәлімдеме жасайды. Халықаралық агенттіктің хабарлауынша, басқосуда Қара теңізде оқ атпау мәселесі қаралды. Келісім күшіне енсе, кеме қатынасы қайта қалпына келеді.
Ресейлік делегацияны сенатор Григорий Карасин мен Федералдық қауіпсіздік қызметі директорының кеңесшісі Сергей Беседа бастап барды. АҚШ делегациясының құрамында Мемлекеттік департаменттің Саяси жоспарлау бойынша директоры Майкл Энтон бар.
Украина президенті Владимир Зеленский Эр-Риядтағы келіссөздерді қауіпсіздік пен бейбіт өмірге бағытталған қадамға теңеді. Сондай-ақ бүгін Ақ үй Киевпен сирек металлдар бойынша келісімге келді. Америка басшысы «таяуда тиісті құжатқа қол қойылады» деп мәлімдеді.