Талдықорғанда өзгенің велосипедін тартып алған күдікті ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
13 наурызға қараған түні Талдықорғанда 27 жастағы ер адам азық-түлік алу үшін велосипедпен дүкенге барған. Дүкеннен шыққан кезде 37 жастағы бейтаныс ер адам оны тоқтатып, велосипедін беруді талап еткен. Жәбірленуші бас тартқан кезде күдікті оны күшпен қорқытып, велосипедті ашық түрде тартып алып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Полицияның жедел іс-қимылдарының арқасында күдікті тез арада анықталып, ұсталып, қамауға алынды. Ұрланған велосипед иесіне қайтарылды. Құқық қорғау органдары әрбір қылмыстың ашылатынын және кінәлілердің заң алдында жауап беретінін еске салады. Заңнамаға сәйкес, тонау үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, сондай-ақ мүлікті тәркілеу қарастырылған.