«Қазақстандық туристерге Ыстамбұлға баруға кеңес бермеймін». Сыртқы істер министрлігі үндеу жасады. Түркиядағы наразылық басылар емес. Қазақстандықтар саяхаттан бас тартып, билеттерін өткізіп жатыр.
Түркиядағы студенттер бұрынғысынша оффлайн режимде білім алып жатыр. Айтуларынша күндізгі уақытта емін-еркін жүріп тұрады. Наразылық шаралары кешқұрым басталып түнге дейін жалғасатын көрінеді.
АСҚАР, СТУДЕНТ:
Көбінесе бұл жағдайлар ауызашардан кейін болып жатыр. Күндіз аман-есен сабағымызға барып келеміз. Ауызашардан кейін сыртқа шықпаймыз.
Ал туристер қонақ үйде қалуға мәжбүр. Себебі курорттық аймақтарда адамның көп жиналуына байланысты экскуриялар тоқтатылып, арнайы жасақ жұмыс істеп жатыр.
КӘРІМЖАН НҰСРЕТУЛЛАЕВ, ТУРИСТІК ҚАУЫМДАСТЫҚ ДИРЕКТОРЫ:
Екі күн бұрын Түркияға демалысқа кеткен туристер Қазақстанға аман – есен оралды. Олар арнайы маршрут арқылы айналма жолмен аэропортқа жеткізілді. Стамбұлда қонақ үйлер қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Авиакомпанияның рейстері тоқтатылды ма немесе кейінге қалдырылғаны жайында ақпарат алу үшін қабылдаушы компаниямен байланысты болу керек.
Наразылық кезінде зардап шеккен қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин мәлімдеді. Дегенмен қазір Түркияда қанша отандасымыздың бар екені әзірге белгісіз.
АҚАН РАХМЕТУЛЛИН, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Себебі олар үш санатқа бөлінеді. Оның ішінде студенттер мен туристер, консулдық есепте тұрғандар да бар. Олардың саны бірнеше мыңнан асады. Қазір бармаңыздар деп айта алмаймыз. Бірақ министрлік атынан емес, жеке өз атымнан айтатын болсам, қазір ол жаққа бармай тұра тұрар едім. Қазір қазақстандық туристерге Ыстамбұлға баруға кеңес бермеймін.
Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына адамдар көп жиналатын орындарға барудан уақытша бас тартуды, қауіпсіздік шараларын сақтауды және жергілікті биліктің нұсқауларын орындауды ұсынады.