Түркия тынышталар емес. Анкара, Измир секілді ірі қалалардың басшылары Ыстанбұлдық әріптестерін қолдап, наразылық акцияларына шықты. Президент Ердоған болса, арандатушылық әрекетті тоқтатуды талап етті. Ереуілге шыққан аса белсенді 1000-ға жуық азамат қамауға алынды. Осы және өзге де әлемдегі өзгерістерге Еркелді Тілеуқұл шолу жасады.
Ыстамбұлда наразылық акциясы тоқтайтын емес. Ереуілге шыққандар полициямен қақтығысқа түсті. Мыңнан ас адам тұтқынға алынды. Жемқор және лаңкестермен байланысы бар деп ұсталған Экрем Имамоғлыны анкаралық және измирлік әріптестері қолдап, қалаға келді. Президент Ердоған болса, бұл бар болғаны арандатушылық әрекет деп ақталуда.
РЕЖЕП ТАЙЫП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен бірнеше рет айттым және тағы қайталаймын. Бұл арандатушылықпен елдің тыныштығын бұзуды доғарыңыздар. Бұл үшін саяси да, заңды да жауапкершілік тартасыздар.
АҚШ дегеніне жетуге жақын. Украина мен Ресей 30 күнге соғысты тоқтатуға келісім білдірді. Келісім Қара теңіз бен энергетикалық инфрақұрылымды ғана қамтиды. Бірақ, келісімге ресми түрде әлі қол қойылмады. Сол себепті, инсайдерлердің айтуынша, Трамп ашуға булыққан.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Менің ойымша, Ресей соғысты тоқтатқысы келеді. Бірақ, әдейі келісімге қол қоймай жатыр. Бір жағынан келісіп тұр, бірақ ойынды да жалғастырғысы келеді. Мен бұл әрекетті солай түсіндім.
Футболды бизнеске айналдырып, ақшаны милиондап жымқырды деген ФИФА мен УеФА-ның бұрынғы басшылары тағы ақталды. Зепп Блаттер мен Мишель Платини футболдан шеттетіліп, Платини тіпті түрмеге тоғытылған еді. Осыдан екі жыл бұрын алғаш рет олар ақталып, Швейцария прокуратурасы аппеляциялық шағым түсірген. Бірақ, одан да қос футбол шенеунігі сүттен ақ, судан таза шықты.
ЗЕПП БЛАТТЕР, ФИФА БҰРЫНҒЫ БАСШЫСЫ:
Мен енді терең тыныс аламын. 10 жылға созылған сұмдық аяқталды. Мойнымның үстінде тұрған қылыш алынды десем де болады.
Швейцария прокуратурасы қайтадан аппеляциялық шағым түсірмек.