Қоқыс жинап та ақшаның астында қалуға болады. 1 тонна пластик бұйымдарын жинап, өткізсеңіз 71 мың теңге аласыз. Бұл туралы Экология министрі Ерлан Нысанбаев айтты. Дегенмен, Үкімет басшысы ведомстваның істеп жатқан жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. "Ауыз толтырып айтатын нәтиже жоқ", - деп сынға алды.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Елімізде жыл сайын 4 жарым млн тонна қоқыс жиналады. Бірақ соның шамамен 26 пайызы ғана қайта өңделеді. Көбі қағаз бен пластик бұйымдар. Жиналған қалдықтарды сұрыптап, қайта кәдеге жаратуға біздегі полигондар қауқарсыз. Олардың 20 пайызы ғана талапқа сай келеді.
Кәдеге жаратса қоқыс та кіріс көзі екенін біздің билік енді ғана түсінгендей. Соңғы жылдары ғана қалдықты өңдеуге ден қойды. Министрлік құны 316 млрд теңге болатын 67 жобаны мақұлдады. Оның 43-і қайта кәдеге жаратуға бағытталған.
ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
Мемлекет басшысының ірі қалаларда қоқыс өңдеу зауыттарын салу жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін утильтөлем есебінен жеңілдетілген қаржыландыру механизмі бекітілді, жылдық 3 процентпен 15 жылға және екі жылға дейінгі демалыспен несиелер көзделген.
Жыл сайын отандық кәсіпорындарда 1 млрд тоннаға жуық қалдық жинақталып қалады. Оларды қайта өңдеу көлемі небары 11 пайыз. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70-80 процентке жетеді. Жауапты ведомства басшысы бізде де қайта өңдеуге көңіл бөлініп жатыр деп сендірді.
ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:
Қазірдің өзінде мыс, алтын, темір және басқа да шикізатты өндіру кезіндегі қалдықтар қайта өңделіп жатыр. Мысалы, Коунрад компаниясы өз кен орнының техногендік қалдықтарын пайдаланып, жылына 12 мың тонна мыс өндіреді — бұл еліміздің бүкіл мыс өнеркәсібінің шамамен 3%-ын құрайды.
Қазір экология министрлігінің мойнында 120 полигон салу міндеті тұр. Бірақ оның жетеуі ғана іске қосылды. 23 полигонның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. 18 полигонның құжаттамасы жақын арада дайын болады. Бірақ Үкімет басшысы атқарылған жұмысқа көңілі толмайтынын айтты.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Жалпы осы бағытта жұмыс баяу жүріп жатыр. Ауыз толтырып айтатындай нәтиже жоқ. Министрлік әкімдіктердің жұмысын дұрыстап үйлестіру керек. Осы бағытта министрліктің белсенді ұстанымы керек. Оны біз көріп отырған жоқпыз.
Үкімет басшысы елімізде тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстарын тиімді үйлестіру мақсатында мүдделі ведомстволарға нақты міндеттер жүктеді.