$514.5 €582.67 ₽6.35
×

Көлік салығы бойынша қарызы 12 миллион теңгеге жеткендер бар

AstanaTV
26.03.2025ж. 20:00
139
Көлік салығы бойынша қарызы 12 миллион теңгеге жеткендер бар

Көлік салығы бойынша қарызы миллионнан асып, алды 12 миллион теңгеге жеткен азаматтар бар. Берешек көлемі тағы артуы мүмкін. Өйткені төлем мерзімі 5 күннен соң аяқталады. Кімге қанша сома міндеттелді? Жұрт төлеп жатыр ма? Жауабын тілшіміз іздеді.

Қыстың қамын жаз ойла. Ал салықтың мәселесін тіпті ерте шешіп қоймасаң, басың бәлеге қалады. Тіпті атын естісе болды, елдің төбе шашы тік тұрады.

БЛИЦ:

- Төлеп қойдым мен.  
- Білмеймін, үйдегілер төлеп жатыр, брат.


Такси жүргізушісі Азамат Сыдықов қозғалтқыш көлемі 2.4 көлік үшін 25 мың теңгеге жуық салық төлепті. Төлемді кешіктіріп көрмеген.

АЗАМАТ СЫДЫҚОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қымбаттау негізі ескі машинаға, енді жаңа машинаға дұрыс шығар ондай баға. Бұдан басқа машинам жоқ, осы бір машина.


Мерзімінен бұрын төлеп қойған басқа да жүргізушілер баға жаймен қымбаттап жатыр дейді.

БЛИЦ:

- Төледім. 20 мың ба, солай. Қымбат қой кішкене.
- ИИН-ді тердім де, шықты, төлей салдым. 11 760 по-моему.


Салықтан жалтарып жүргендердің дені Алматы, Астана, Шымкент қалаларында. Мәселен бас қалада 30 мыңнан астам салық төлеушінің 2 млрд 132 млн теңге көлемінде берешегі бар. Тіпті бір басына миллионнан асқандар да жетерлік.

ЕРНАТ САЙЛАУОВ, ҚАЛАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

1-сәуірден кешіккен жағдайда өсімпұл жүре бастайды. Ал одан кейін төлемеген жағдайда салық кодексінің 114 және 128-баптарына сәйкес хабарлама жіберіледі, жеке сот орындаушыларының өндірісіне уже жолданатын болады. Бізде мысалы Астана қаласы бойынша бір салық төлеушінің бірнеше машинасы бойынша соңғы 5 жылғы қарызы мысалы 12 млн соманы құрайды.


Оған қоса салықтан жалтарсаңыз, банк шоттарыңыз бұғатталып, мүліктеріңіз шектеледі. Шетелге шыға алмайсыз. Жүргізуші куәлігіңіз уақытша және тоқтайды.

АЙБЕК САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:

Есептеу 1 жылға кеш жүретіндіктен былтырғы көлік салығын 1-сәуірге дейін төлеуіңіз керек. Сома қозғалтқыш көлемі мен айлық есептік көрсеткішке, сондай-ақ елге келген жылына байланысты. Жалтарған не кешіккен жағдайда жазаңызды  аласыз.