Тұрғындар тегін тамақ үшін төбелесті. Әлеуметтік желіде осындай атаумен түрлі видео жарияланып жатыр. Жұрт ақысыз берілетін палау мен наурыз көже ішеміз деп бір-бірін таптап та, табалап та жатыр. Әртістерді жақыннан көремін дегендер, тіпті, күзет қызметін ұруға дейін барған. Мерейлі мерекенің қызығы мен шыжығын әріптесім Аружан Задабек «Өзекті» айдарында айтады.
Мерекелік демалыстан жұмысқа әрең шыққан көрермендер, кеш қайырлы болсын! Наурыздың көңіл көтерген, бәлкім, көңіл құлазытқан сәттерін жинақтап келдім. Экраннан алыс кетпеңіз!
"Наурыз келді дегенше, Ұлыс келді десеңші, Ұлыс келді дегенше, ұрыс келді десеңші!". Соңғы кездері мына нақыл сөзді осылай өзгертіп қолданатын болдық. Өйткені жылда бір көрініс қайталанады. Мерекеде ақысыз дүние үшін бір-бірінің жағасына жармасқан жұртты көрсек, қазір, тіпті, таңқалмаймыз да. Тағамға аштықтан емес, ашкөздікпен таласқан тұрғындар желіні біраз шулатты. Жұрт бас шайқап та, бет басып та үлгерген екен.
БЛИЦ:
- Айтарға әңгіме жоқ! Сонша өліп бара жатқан жоқ. Аш емес біздің Қазақстанда. Бірақ мына адамдарды көріп өзім сене алмай отырмын.
- Масқара! Аштан келген ба, сол алғандары неше күн тамақ болады?
- Бізде тегін таратуға болмайды ештеңе. Бұл жерде ешкім аш емес. Бізде аштық жоқ. Бізде тегін ішіп-жегенді жақсы көреді.
Мына видеоны көріп, тіпті, шошындық. Иә, мерекені қиқулатып өткізгенге не жетсін! Бірақ шулатудың қажеті не? Биыл аудандар бір-бірінен асып түсеміз деп, түрлі шара ұйымдастырып бақты. Оған бәрекелді дейміз ғой. Бірақ артық қыламын деп тыртық қылғандарды көргенде қауіпсіздікке кім жауап береді деген сұрақ туады.
БЛИЦ:
- Айқай дауыстан шошып кетті жануар. Өте жақын отырған болмайды.
- Ал, не болды енд! Малдың аты мал ғой. Не керек осындай ырду. Біресе түйе, біресе ат. Артық қыламын деп тыртық қылып.
- Жылқымен ойнауға болмайды ғой. Бала-шаға бар. Қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Ұйымдастырушылар ескеруі керек еді.
Ал мына суреттерге қарап ішек-сілеміз қатты. Қолдан түйе жасаған қызметкерлер бюджеттен қаржы бөлінбесе қайтсін енді? Амалдың жоқтығы дейді мұндайды. Наурызда көз қуантатын дүние де көп болды. Мәселен, роботтардың қазақша киініп, тұрғындарға қызмет көрсеткені бәрімізді таң-тамаша қылғаны рас.
Тарихи оқиғаның да куәсі болдық. Ұлыстың ұлы күні Ақтау қаласында қазақтың ұлттық киімін киген 5000 адам жиналып, «Қазақ ұлттық киіммен ең көп адам жиналысы» номинациясы бойынша Гиннесс рекордын орнатты. Шара Каспий жағалауында өткен.
БЛИЦ:
- Құтты болсын рекорд, Маңғыстауым! Мақтан тұтамын осындай елде тұрғаныма.
- Енді жылдың соңына дейін тастамай кіим жүріңіздер қазақша киімді тастамай.
- Тамаша! Қазағым, жарайсыңдар! Кіші жүз қазақ киімін бүкіл әлемге танытып, мықты іс жасады. Тойларың тойға ұлассын!
Құрметті көреремен, бүгінге осы. Қызық пен шыжықты біз айтамыз. Келесі кездескенше!