Алматы қаласының прокуратурасы клиенттерді қосымша ақылы қызметтерді сатып алуға мәжбүрлеген автосалондарды анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратура автосалондар тарапынан тұтынушылар құқығының сақталуына талдау жүргізген. Тексеріс барысында қаланың бірнеше автосалоны клиенттерді жүйелi түрде қосымша қызметтерді (дабыл жүйесі, автоәйнектердi қараңғылау, төсенiштер) сатып алуға міндеттеп, сол арқылы олардың құқықтары мен қолданыстағы заңды бұзып келгені анықталды.
«Прокурорлық қадағалау актісі негізінде Алматы қаласы Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті «Toyota Tsusho Kazakhstan Auto» ЖШС-ын Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 159-бабы 3-1-тармағы (монополистік қызмет) бойынша жауапқа тартып, 88 млн теңге айыппұл салды. Қазіргі уақытта айыппұл толық көлемде төленді», - делінген хабарламада.
Айта кетері, қолданыстағы заңнама бойынша тұтынушыларды қосымша қызметтерді сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынған.