Қызылордада пробация есебіндегі 19 сотталған түзеу мекемесіне жіберілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аудандық және қалалық пробация қызметінің есебінде бүгінде 1000-ға жуық сотталған азамат тіркеуде тұр. Пробация бақылауында бола тұра, кейбір азаматтар сот жүктеген міндеттерді орындамай, жаза өтеу тәртібін бұзуда. 2025 жылдың алғашқы үш айында осындай құқық бұзушылықтарға жол берген 19 сотталғанға қатысты сот шешімі шығып, олар жазаның өтелмеген бөлігін түзеу мекемесінде өтеуге жіберілді. Пробация қызметінің инспекторлары сотталғандардың құқықтық тәртіпті сақтауын қадағалау мақсатында күнделікті профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Әрбір сотталған азаматтың тұрғылықты мекенжайы тексеріліп, олардың кешкі уақытта қоғамдық орындарға бармауы қадағаланады. Жаза өтеу тәртібін бұзуға бейім тұлғалармен жеке түсіндірме әңгімелер өткізіліп, құқықтық кеңестер беріледі. Сонымен қатар пробация инспекторлары жергілікті атқарушы органдармен және құқық қорғау құрылымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, сотталған азаматтарды қайта әлеуметтендіру және олардың құқық бұзушылыққа қайта бармауы үшін кешенді шаралар қабылдауда.
- Пробация есебінде тұрған азаматтарға сот белгілеген шектеулерді орындау – олардың басты міндеті. Егер олар бұл талаптарды елемейтін болса, заң аясында қатаң шаралар қолданылатыны ескертіледі. Жаза өтеу тәртібін бұзу олардың бас бостандығынан айыру жазасына қайта тартылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан пробация есебіндегі азаматтар да өздеріне берілген мүмкіндікке жауапкершілікпен қарап, қайта құқық бұзушылық жасамау қажет деп есептеймін, - дейді пробация қызметтеріне басшылық жасау тобының бас маманы Ғаламат Құлманов.