Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы Жауғашты ауылындағы әйелдер колониясында балалардың жаппай ауырып қалғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді, - деп жазды KAZINFORM.
Адвокат Айман Омарова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында №10 әйелдерді түзеу мекемесінде 14 бала ауырып қалғанын, олардың үшеуі ауыр жағдайда реанимацияда екенін жазды.
- Олар уланған немесе инфекция - мұны анықтау керек, - деді ол.
Мекемені медициналық қызметпен қамтамасыз ететін Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 26 наурызда басқармасы басшысының орынбасары және мамандандырылған прокурор, сондай-ақ облыстың Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері бірлесе мекемені аралап шыққан. Тексеруге санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары мен қызметкерлері де қатысқан. Нәтижесінде 14 баланың ауырғаны туралы ақпарат расталмады.
- Қазіргі уақытта мұнда балаларымен бірге сотталған 63 әйел бар. 2025 жылдың 22-23 наурызы аралығында үш бала Іле ауданы орталық ауруханасының инфекциялық бөлімшесіне "энтеровирустық инфекция, 0-1 дәрежелі дегидратация" диагнозымен жатқызылды. Олардың жағдайы орташа ауырлықта, оң динамика байқалады. Бір бала бастапқыда реанимация бөлімінде болды, содан кейін инфекция бөліміне ауыстырылды. Қазіргі уақытта екі бала жұқпалы аурулар бөлімінде аналарымен бірге. Ал біреуі медбикемен бірге, өйткені оның анасы ем алып жатыр, - деп хабарлады басқармадан.