$503.42 €542.08 ₽6
×

Ақтөбеде жол белгілерін салуға жауапты шенеунік 8 жылға сотталуы мүмкін

AstanaTV
27.03.2025ж. 18:20
110
Ақтөбеде жол белгілерін салуға жауапты шенеунік 8 жылға сотталуы мүмкін
Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

Ақтөбе қаласының жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығының директоры 8 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оған «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айып тағылды. 

№ 2 Ақтөбе қалалық сотында Ақтөбе қаласының жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығының директоры Абзал Тильмағамбетовке қатысты істің жарыссөзі өтті. Оған Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айып тағылып, мемлекеттік айыптаушы 272 млн теңгенің жұмысы атқарылмағанын хабарлады.

Іс материалына сүйенсек, 2022 жылдың соңында Абзал Тильмағамбетов жол белгілеріне қаржы сұрайды. 2023 жылдың қаңтар айында Ақтөбе қалалық мәслихатының шешімімен орталыққа 221 млн теңгеден астам қаржы аударылады. 

Кейін Мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіледі. Конкурс талабы бойынша көше атаулары мен саны, атқару мерзімі жазылуы тиіс. Алайда бұл талаптар сақталмай, конкурс жеңімпазы анықталады. Кейін ол айыпталушы А.Кусумовпен сөз байласады. Айыпталушы А.Кусумов 2020 жылы компьютер мен кофе аппараттарын жөндеу қызметін көрсететін жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. 

— 2023 жылдың сәуірі мен желтоқсан айы аралығында Абзал Тильмағамбетов жалпы сомасы 272 млн теңге шығын келтірді. Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша қылмыс жасады. Жауап беру кезінде Абзал Тильмагамбетов өз кінәсін мойындамады. Абзал Тильмагамбетовті айыпты деп танып, 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймыз. А. Кусумовты Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы сұралады, - деді мемлекеттік айыптаушы.

Келесі аптада сотталушылар сотта соңғы сөзін айтады. 

Бұл туралы  kaz.inform.kz жазды.