Қызылжарда бүтін бір отбасыны айуандықпен өлтірген қылмыскерлерге қатысты аппеляциялық соттың үкімі шықты. Еске салайық, қанды оқиға 2023 жылдың желтоқсан айында болды. Жерлеу рәсімімен айналысқан Приходченко отбасын қос қылмыскер балғамен ұрып, пышақпен бауыздаған. Артынша марқұмдардың барлық қаражаты мен бағалы заттарын қолды қылған. Ерлі-зайыпты мен олардың 17 жасар баласы оқиға орнында көз жұмды. Тергеу барысында аталған жанұяны олардың бәсекелестері өлтіргені белгілі болды.
ЕРБАР ҚАЛИЕВ, СҚО СОТЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША СОТ КОЛЛЕГИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бірінші сот инстанциясының шешіміне сәйкес Сергей Емельянов өмір бойына бас бостандығынан айырылсын. Оның сыбайласы Данил Орловтың бас бостандығынан айыру мерзімі 21 жыл 10 айдан 23 жылға дейін ұзартылсын. Ал Ирина Скоробогатованың жазасы 4 жылға дейін ұзартылсын.
Жәбірленуші тарап соттың шешімен келіспейді. Олар қылмыскер жазадан жеңіл құтылды деп есептейді.
ТАТЬЯНА ПРИХОДЧЕНКО, МАРҚҰМНЫҢ ҚЫЗЫ:
Мен Скоробогатоваға қатысты соттың шешімімен келіспеймін. Менің отбасымды өлтіру бойынша жоспарды сол құрды. Бұл дәлелденген нәрсе. Ал Данил Орлов өмір бойына бас бостандығынан айырылу керек.