Путин жақын арада өледі және барлық сұмдық аяқталады. Украина Президенті Владимир Зеленский сұхбатында осылай деп дүйім жұртты дүрліктірді. АҚШ әскери басшылығы хабар алмасатын құпия чат журналисттің қолына түсіп, шабуыл жоспары әшкереленді. Трамптың бұл туралы не дейді? Әріптесім Еркелді Тілеуқұл шартарапты шолып шықты.
Путин қорқатын дүние көп. Халықаралық оқшаулану, қоғамдағы алауыздық, ең бастысы – өлімнен қорқады. Владимир Зеленский Еуровижн баспасына берген сұхбатында осылай деді. Бастысы ресей президенті қартайған, алдағы ғұмыры көп емес. Сондықтан, жақын арада Кәрі құрлықтың қақ ортасындағы сұрапыл соғыс та аяқталады деп пікірін білдірді.
ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Оның жақында өлетіні жасырын емес, факт. Сол кезде барлығы бітеді. Оның қауіпсіз болса да, бақытсыз өмірі аяқталады дегенше, бүкіл әлем бұл мәселені шешуге қауқарлы. Осы уақытқа дейін ресейге дұрыс қысым жасалмады. Егер санкциялар жұмыс істегенде, Путин бұлай тайраңдамас еді. Ол үшін бар болғаны біздің одақтастар өздерінің шынайы күшін көрсетуі керек.
АҚШ-тың аса құпия чат-мессенджеріне кенеттен журналист кіріп кетіп, барлық әңгіме әшкере болды. Оқиғаға байланысты Конгрессте демократтар үлкен тексеріс басталды. Президенттің Ұлттың Қауіпсіздік бойынша кеңесшісі, қорғаныс министрі және өзге күштік құрылым өкілдері хат алмасатын Сигнал чатынының сілтемесі әлеуметтік желіден бірақ шықты. Оған себеп, Трамп кеңесшісі Майкл Уолтц байқамай Сигнал чатына The Athlantic басылымының бас редакторы Джеффри Голштейнді қосып жіберген. Бастапқыда сенбеген ол, чаттағы жоспар бойынша 2 сағаттан кейін хуситтердің базасына шабуыл жасағаннан кейін ғана түсінді. Трамп болса, бұнда тұрған ештеңе жоқ деп ақталуға тырысты.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сигнал чатының өзінде бірқатар кемшіліктер болуы мүмкін. Бұның ертеден анықталғаны өте керемет болды. Бұл туралы мен бірнеше басқосу өткіземін. Пит Хегсет те, Майк Уолтц та өз жұмыстарын жақсы атқарады. Оларға артар мінім жоқ. Ал, Голдбергтің өзі нағыз суайт.
Корея тарихында болмаған орман өртінен 24 адам қаза тапты. 16 адам ауыр жараланып, 23 мыңы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін жөнелтілген бір тікұшақ апатқа ұшыраған. Елдегі ЮНЕСКО тізіміне кіретін бірнеше тарихи ескерткіштің де көзі жойылды. Мемлекет басшысының уақытша міндетін атқарушы Хан Док Судың айтуынша, өрт сөндірушілерге қатты жел кедергі келтіріп отыр.