Шымкенттің су арнасы мемлекет меншігіне қайтарылады. Бүгін қалалық мамандандырылған экономикалық сотының шешімі БАҚ өкілдеріне арнайы жарияланды. Сот қалалық әкімдіктің «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-не тиесілі бірқатар су жабдықтау және су бұру нысандары бойынша келісімшарттарды жарамсыз деп тану туралы талап арызын қанағаттандырып, аталған нысандарды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды.
Сот тыңдалымы барысында стратегиялық маңызды нысанның жекешелендірілуі кезінде жіберілген заңбұзушылықтар да атап өтілген. Олардың ішінде: көрсетілмеген қызметтер үшін ақы алу; қала тұрғындарынан құбырларды «техникалық қызмет көрсету» үшін қаражат жинағанмен іс жүзінде қызмет көрсетпеу, инфрақұрылым тозу деңгейін бұрмалау сынды деректер келтірілген. Жылдық заңсыз төлемдер көлемі 59,8 млн теңгеге жеткен. Ал бір жылдың ішінде су құбырларының тозу көрсеткіші жасанды түрде 10,72%-ға артық көрсетіліп, бұл қосымша инвестициялық қаражат алуға негіз болған.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қала әкімдігі келтірген уәждердің барлығы сот қарауы барысында орында екендігі көрсетілді. Өз дәлелін тапты. Осыған орай біз бірінші сатыдағы сотты жеңгенімізді сіздерменен қуанышымызды бөліскіміз келді. Өздеріңіз білесіздер, қала тұрғындарының көпшілігі осы «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС –нің жұмысына қатысты үнемі өздерінің келіспеушіліктерін, риза еместіктерін үнемі айтып отырған болатын.
Қала әкімінің орынбасары сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін, нысандарды кешенді тексеру жүргізіліп, жаңғырту бағдарламасы әзірленетінін жеткізді. Серіктестіктің банк алдындағы берешектері де бюджетке салмақ салмайтынын атап айтты. Керісінше,стратегиялық маңызды нысан толықтай мемлекетке алынғаннан соң судың тарифін төмендету де жоспарымызда бар деп қосты. Айта кетейік, мегаполистер арасында Шымкентте тариф ең жоғары деп атап өтті.