$514.5 €582.67 ₽6.35
×

Ережеге бағынбаған самокатшылар айыппұл арқалайды

AstanaTV
27.03.2025ж. 20:00
196
Ережеге бағынбаған самокатшылар айыппұл арқалайды

Самокаттардың маусымы басталды. Ерсілі-қарсылы ағылып, әр бұрыштан шыға келетін самокатшылар нені ескеруі тиіс? Олар үшін қандай ережелер бар? Мөлдір Жақан еске салады.

Маусымның басталғаны сол-ақ екен, бүгінгі күннің жаңа көлік түріне айналған самокаттар тұрғындардың жүйкесін тоздырып үлгерді. Жақында ғана Алматыда бәзбіреулер самокатты жолдың қақ ортасында қалдырып, автокөліктің өтуіне кедергі келтірген. Ашуға булыққан темір тұлпар иесі ұзақ ойланбады. Самокаттарды бірінен соң бірін маңайдағы арыққа лақтыра бастады.

Бұзақы әрекетке барған жүргізушіні қазір полиция іздестіріп жатыр. Ал әлеуметтік желі қолданушылары ер адамның бұл ісін қолдай жөнелді.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Қапыда самокатыңыздан айырылып қалғыңыз келмесе, тиісті ережелерді ескерген жөн. Алдымен діттеген жерге жеткен соң, самокатты міндетті түрде арнайы тұраққа қою қажеттігін есте сақтған абзал. Оны қалаған жерге қалдырып кетуге болмайды. Ал осындай тұрақтардың мекенжайын самокатты жалға беруші компанияның мобильді қосымшасы арқылы біле аласыз.


Елімізде самокатшылардың қауіпсіз жүріп-тұруына арналған инфрақұрылым жағдайы мәз емес. Веложолақтар аз.

ӘЛІШЕР ЖАҚСЫЛЫҚОВ, КИКШЕРИНГТІ КОМПАНИЯ БАСҚАРУШЫСЫ:

Бір ғана Астана қаласының өзінде 3 мың самокатымызды жалға береміз. Оларға арналған 2 мыңға жуық тұрақ бар. Тұрғындардың самокатты рұқсат етілмеген жерде қалдыратын жағдайлар жиі кездеседі. Мұның бәрін бақылап, самокаттарды тұрақтарға апарып қоятын арнайы мамандарымыз жұмыс істейді.


Жаяу жүргіншілер жолында самокаттың жылдамдығын сағатына 6 километрден асыруға болмайды. Ал көлік жүретін жолға шығу үшін арнайы бас киім мен жүргізуші куәлігі талап етіледі. Электрлі самокатқа екі немесе оданда көп адамның мінуіне тыйым салынады. Одан кейін 18 жасқа толған адам ғана самокатты пайдалануғы рұқсат.

НҰРЛАН ТАРАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ ПОЛКІНІҢ АҒА ҚЫЗМЕТ ИНСПЕКТОРЫ:


Шлем тақпағанда, жарық шағылыстыратын заттар тақпағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 620 бабымен қарастырылған. Егер кәмелет жасқа толмаған азамат болса, заңды тұлғаларға хаттама рәсімделеді. Бірінші ескерту жасалады. Қайталанған жағдайда 3 АЕК айыппұл қарастырылған.


Айта кету керек, былтыр елімізде электрлі самокаттардың қатысуымен 100-ге жуық жол апаты тіркелді.